Бостандық ауданының төтеншеліктері жылыту маусымына қызу дайындыққа кірісіп кетті. Бүгін олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға барып, өрт қауіпсіздігін алдын алатын құрылғыны тегін орнатты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл мұндай мүмкіндікке 9 жанұя ие болды. Былтыр құрылғы 48 үйге қойылған. Жалпы ауданда 6600-ден аса жер үй бар. Оның 117-сі көмірмен жылынады. 15 қыркүйектен бері мамандар 50 шақты үйге арнайы барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Төтеншеліктердің сөзінше, өрттің шығуына пешті дұрыс пайдаланбау, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болады.
«Осы үйде тұрғылықты тұрып жатырмын. 40 жылдай болып қалды тұрып жатқаныма. Үш балам бар. Денсаулығыма байланысты жұмыссыз қалып қалдым. Сондықтан, осылай қиналып қалдым кішкене. Тегін орнатып берді, көмектесіп тұрады», – деді қала тұрғыны Гаухар Асқарқызы.