Қосшыда аядай бөлмеге мұқтаж 250-ден астам адам базадағы тізімнен өздерін таппай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жанына батқанын айтып келген жалғызбасты ананың үйлі болсам деп армандап жүргеніне 10 жыл болған. Содан бері 5 баланы өмірге әкелген Жансая жанына сая болатын бір бөлмеге зар болып жүр. Баспана кезегіне бұрын қойылған, бірақ үйге үміттілер арасынан өзін таба алмай келеді.
«Тізімде бар едім, кейінгі кезде базадан көрінбей қалдық. Сот шешімімен қайта Целиноград ауданында базаға енгізілген. Қосшы қаласындағы тізімде жоқпын. Екі жылдан бері күнде осында келемін. Өйткені мен мұқтажбын. Шаршадық», – деді Қосшы қаласының тұрғыны Жансая Түменова.
Кезегін таппай дал болған бір ғана Жансая емес. Мұнда тұрған аналардың барлығы үй кезегіне қағаз жүзінде қойылған. Ең қызығы, сол тізім бұрынғы аудан орталығы кезінде енгізілген. Қосшы қала мәртебесін алған соң, оларды пәтерге мұқтаждар қатарына ешкім қоспапты.
«Целиноград ауданы басында тізімдң қағазға жазған. 2016 жылы әр округ бойынша базаға енгізілуі керек болған. Қазір бұл кісілер еш жерде жоқ. Енді сот арқылы ғана тұра алады», – деді Қосшы қалалық әкім аппаратының бөлім басшысы Жаңагүл Ердекешова.
Қосшы қала мәртебесін алғалы тұрғындарды үй кезегі әбден тоздырып жіберді. Алақандай елдімекенде азаматтар пәтерге мұқтаж ретінде бұрынғы аудан орталығында тізімделген. Ал қазір ол құжаттың шикілігі шығып жатыр.
Шикіліктің бір шеті қалалық әкімдікте де бар екен. Қосшыдағы мамандар бұған дейін зар жылап жүрген аналарға дұрыс ақпарат бермей, шатыстырып келіпті. Сөйтсе бұл тұрғындар аудан орталығындағы кезегін тура сол қалпында қалаға ауыстыра алады екен. «Ол үшін сотқа шағымданып, тұрғылықты жеріне өтініш берсе болғаны», - деді Целиноград аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы.
«Қағаз жүзінде кезекке тұрған. Сотқа беріп, үй алуға кезекте тұрғанын дәлелдеді. Біз Целиноград ауданында базаға енгіздік. Енді сол 100 адамды ауыстыруға болады. Кезек саны өзгермейді», – деді Ақмола облысы Целиноград аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Арайлым Ыдырысова.
Қысқасы, аналардың баспаналы болуды әлі де армандай тұруына тура келеді. Себебі жоғарыдағы кезек мәселесі шешілгенімен, бірден пәтер кілтін ала салмайды. Үйге мұқтаждар тізімінде олардан бөлек, 300-ге жуық тұрғын бар. Ал Қосшыда биыл бар-жоғы 1 ғана көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр.
Камшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Ақмола облысы