Алты баланың анасы қайырымды жандардан көмек сұрайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Үлкені 13 жаста, кенжесі екіге толады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Мейірім мекенінің» бүгінгі кейіпкері – 6 балалы ана. Кез келген көмекке мұқтажбын деген ол қайырымды жандардан қол ұшын созуды сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

31 жастағы Ақсәуле «Алғашында отбасылық өмірім ел қатарлы еді» деп бастады әңгімесін.  Тағдырдың тауқыметі күйеуі құлағанда басталыпты. Денсаулығы мәз болмағанымен, отағасы жұмыс істейді, табыс табады. Бірақ айлығы шайлығына жетпейді.

«Қандай жұмыс пайда болады, шығамыз. Құрылысқа да шығып жатамыз. Екеуміз бірігіп те шығамыз. Көп болса 10-15 мың теңге тауып келеміз», – деді көпбалалы ана Ақсәуле Бердәулетова.

Алты баланың төртеуі мектепке барады. Үлкені 13 жаста, кенжесі екіге толады.

«Баланың аты бала ғой. Неге бізде үйде жоқ, неге анада анандай, мынада мынандай деген әңгімелер кетеді. Түсіндіруге тырысып жатырмыз», – деді көпбалалы ана Ақсәуле Бердәулетова.

Жәрдемақы ғана алатын ананың жағдайын жеткізу үшін жергілікті әкімдікке бардық. Округ басшысы кездесуден кейін бірден кейіпкердің үйіне тартты.

«Жағдайын көріп, көмек көрсетуге тырысамыз. Ол қандай көмек? Балаларын киіндіру, қыс келе жатыр. Екіншіден, мектепте асханада тамақтандыру. Үшіншіден, өздері жұмысқа орналаса алмай жүрсе, көмек береміз», – деді Байсерке ауылдық округінің әкімі Тілеукен Көпбаева.

Бұл отбасының 2008 жылдан бергі баспанасы – осы. «Апатты жағдайда болса да, атамыздан қалған үй» дейді кейіпкердің өзі. 6 бала қандай да болсын, көмекке мұқтаж. Қол ұшын созам деген көрерменге реквизитті қалдырдық.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров