Енді, жауын жауып, қар ерісе, әбден әбігерге түсіп келген алматылықтардың біршамасы аяқ киімнің сыртынан пакет киіп әлек болмаймыз деп қуануда. Қазір тек үш көшеде ғана жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Бірақ, әкімдік өкілдері оның да мерізімінде бітетініне уәде берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Алматыға қарасты Алатау ауданындағы Веселова көшесі. Тұрғындар бірнеше жылдан бері жолдың азабын тартып келген. Ал биыл аудан халқы көше жасалады дегенді естігенде шын қуанғандарын айтады. Себебі, жылдың төрт мезгілінде де шаң мен лай суға толған жолдың қиындығын көріп келгенбіз дейді. Көлік тізгіндегендер темір тұлпардың, ал жаяу жүретін ел аяқ киімнің тоз-тозы шығатынын айтып налитын. Енді міне жаз бойы жасалған жұмыстар аяқталды. Халық жолдың тақтайдай тегістелгеніне қуанышты.
«Енді пакет киетіндей емес, бірақ аяқ киімімізді бүлдіретінбіз. Өйткені, өздеріңіз білесіздер сабаққа барғанда кір аяқ киім кіргізбейді. Ауыстыратын аяқ киім тасимыз. Мына жақта мысалы резеңке етік киіп барамыз да, сосын жолдан ауыстырып аламыз. Ал енді олай әуре болудың қажеті жоқ», - деді тұрғындардың бірі.
«Асфальт жоқтың аты асфальт жоқ қой. Шынымен, мысалы осы кішкентай ғана жерді өту үшін талай уақыт жоғалтатынбыз. Қазір құбырлардың бәрі өткен соң, асфальтты жасап берді. Жақсы боп қалды», - дейді келесі бірі.
«Барлық аудандағы жолды жөндеу жұмыстары аяқталды. Тек үш мекенжайда жұмыс жүріп жатыр. Оның бірі Шаймерденов көшесі болса, қалған екеуі Медеу ауданына қарасты Алатау ықшамауданында орналасқан. Кешігу кейбір коммуналдық желілердің қайта ауыстырылуына байланысты кейінге шегерілді. Қазір ауа-райы қолайлы болғандықтан, бұл жұмыстар да дер кезінде аяқталады. Жалпы орташа жөндеу кезінде көшені асфальттау, тротуарды ауыстыру жұмыстары кіреді. Егер жол жиегі жарамды болса оны қалдырамыз», - деді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат ОРДАБАЕВ.
Қала әкімдігі қазір тұрғындардан келетін сұрақтардың бірін де назардан тыс қалдырмайды. Түрлі тақырыпта келген сауалдар бірден сұрыпталып, дер кезінде шешім табады. Мәселен мынау ашық аспан астындағы жаттығу орындарының жырын айтқан Алмалы ауданының тұрғындарының сауалы.
Бұл - Қарасай батыр мен Байсейітова көшесі бойындағы саябақ. Тұрғындар мұнда жөндеу жүргенін тек ол аяқталса да жаттығуға қажетті құралдардың қойылмағанын айтып шағымданған еді. Айтылған уәж дер кезінде орындалды. Енді міне спортпен айналысуға зор мүмкіндік туып отыр.
Жөндеумен айналысқан мердігер мекеме жөндеу жұмыстың әлі бітпегенін айтады. Сондықтан, тұрғындарға біраз уақыт жаттығу құралдарын күтуге тура келген. Спортпен шынығуға арналған құрылғылар тек жөндеу аяқталған соң бірақ қойылады дейді компания өкілдері. Қала әкімдігі бастаған аулаларды ретке келтіру бастамасынан соң спорт залдарына қаржы жұмсамаймыз деп қуанып отыр дүйім елі.
«Маған қатты ұнады. Мысалы, фитнеске баруға әркімнің қаражаты жете бермейді. Ол кәдімгідей қомақты ақша. Ал далада керемет құрылғылар соғып қойса, неге шұғылданбасқа? Тегін», - дейді Алма БИГІМБЕТОВА.
Алматыда соңғы үш жыл ішінде 700 мыңға жуық тұрғын тұратын 1500-ге жуық аула жөнделіп, айналасы абаттандырылды. Жыл соңына дейін тағы 700 шақты ауланы жөндеу жоспарланып отыр.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы