Қарағанды-Балқаш күре жолында 200-ге жуық адам қаза тапқан

Almaty.tv
Almaty.tv
Жолдың 363 шақырымында 2019 жылы жөндеу басталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды-Балқаш күре жолында құрылыс басталғалы 200-ге жуық адам қаза тапқан. Сұмдық статистиканы айтқан облыстық полиция құрылысты сағызша созып, заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалардың жауапқа тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дегенмен жұрт жаңа автобан биыл да жоспардан кешігіп, аяқталмай қала ма деген үрейде. Қарағанды-Балқаш жолының 363 шақырымында 2019 жылы жөндеу басталған. 2022 жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталуы керек болатын. Алайда заман талабына сай болады деп сендірген жол әлі қолданысқа берілмей отыр. Төрт жолақты автобанның кейбір учаскелерінде ғана 1 жолақ ашылған. Салдарынан қарама-қарсы бағытпен қатынауға мәжбүр жүргізушілер апатқа жиі ұшырайды. Соңғы 7 айдың өзінде 39 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 40 адам қаза тапқан. Ал 77 жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

– Қарағанды облысы бойынша бес жылда 200 жол апаты болды.189 адам көз жұмып, 315 адам жарақат алды. Статистиканы қарасақ, 2023-2024 жылдарда жол апаты көп болған, – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Жол құрылысы кезінде ережені сақтамай, белгілерді уақытылы қоймағаны үшін мердігерлер мен «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшысына хаттама толтырылған. Одан өзге 400 жеке тұлға жазаланған. Қарағанды-Балқаш күре жолының құрылыс жобасы 2016 жылы дайындалған. О бастағы құны 248 млрд теңге еді. Кейін материалдардың 35-40 пайызға көтерілуіне байланысты ол 317 млрд теңгеге қымбаттаған. Көпшіліктің сағызша созылған құрылыстың сапасына қатысты ойы екіге бөлінді.

– Жолдың сапасы жақсы. Сарыағаштан Павлодарға 2 тәулікте жететінбіз, 1,5 тәулікте жетіп барамыз, – деді жүргізуші.

– Үш жылдан бері жолда жүрмын, сапасы өте нашар. Бітетін түрі жоқ, – деді жүргізуші.

«ҚазАвтоЖол» филиалы басышысының айтуынша, қазір жол құрылысының 85 пайызы аяқталған. Ауа райы қолайсыздық тудырмаса, жыл соңына дейін 126 шақырым жөнделеді.

– 50 шақырым жол ашылды. Тамыздың соңында тағы 50 шақырымды ашамыз. Жолдың қалған бөлігіндегі жөндеу жұмысы қыркүйектің соңында аяқталады, – деді «ҚазАвтоЖол» ЖШС Қарағанды филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов.

Еліміз тәуелсіздік алғалы Қарағанды облысындағы 161 шақырым жол толық жөнделген. Ал 654 километрі жаңадан салынған. Қалғанына тек жамау жұмыстары жүргізіп келген.

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда Құлжа күре жолы түнгі уақытта жабылады

Новости партнеров