2020 жылы Қазақстанда 355 мың сәби туылған. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 15 мыңға көп. Ал ең жоғары туу көрсеткіші Алматы қаласында тіркелген. Аты жаман аурумен арпалыс кезінде туған сәбилердің денсаулығы қалай? Биылғы жылғы ең танымал есімдер қандай болды? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының бейнематериалында.
2020 жылы Алматы қаласында 50 мың 120 нәресте дүниеге келді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Жаңа туған ұлдар арасында Абай, Ибраһим, Мағауия, ал қыздар арасында Әйкерім, Тоғжан, Зере сынды есімдер кеңінен қойылған. Бұл – ұлы Абайдың 175 жылдығымен байланысты болса керек. Қалай болғанда да, ата-аналардың балаларына мағыналы ат қоюы көңіл қуантатыны рас.
«Биылғы жылғы туу деңгейі былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Карантин ешқандай кері әсерін тигізген жоқ. Ал АХАЖ бөлімінде тіркелген есімдерге қарасақ, ата-аналар сәбилеріне салмақты, мағыналы есімдерді көп қойғанын байқауға болады», – деді қалалық әділет департаментінің бөлім меңгерушісі Алма Ысқақова.
Ал Меңдібаевтар отбасы үшін бұл жыл қуанышқа толы болды. Өйткені шаңыраққа Ясин, Ясмин есімді қос перзент келді. Бұл отбасының үлкені 15-те, ал егіздері алты айлық. 6 бала тәрбиелеп отырған от анасы ұл бала мен қыз баланың қатар дүниеге келуі ырысымызды арттыра түсті дейді.
«Төрт баладан кейін егіздер босансам да сол қуандым. Егіз екенін білгенде, ұл мен қыз екенін білгенде, өте қатты қуандық. Құдайдың бергенінше деп ойлап жүрміз енді. Аллаға шүкір, ойлағандай қызды да берді, ұлды да берді», – деді көпбалалы ана Гүлнұр Ермаматова.
Дәрігерлердің айтуынша, елдегі ауыр жағдайға қарамастан шаһарда дүниеге келген сәбилердің денсаулығы жақсы. №11 аурухананың өзінде 1 507 бала дүниеге келген, оның сегізі егіз. Барлығы да тұрақты түрде дәрігер бақылауында.
«Пандемияға қарамай еліміздегі туу көрсеткіші былтырғыға қарағанда сәл жоғары көрсеткіш көрсетіп тұр. Бала мен ананың денсаулығы да өте жақсы. Балалар ай сайын біздің қабылдауға келіп тұрады өздері жазылып. Содан кейін біз тегін смесь беріп тұрамыз, денсаулығына байланысты қарап тұрамыз», – деді №11 қалалық емхананың педиатр-дәрігері Әйгерім Смайыл.
Айта кету керек, азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке және отбасы туралы» Кодексіне өзгерістер енгізілген. Енді бала қай жерде, қай ауданда туса да ата-анасы еліміздің кез келген аумағынан туу туралы куәлік ала алады.
Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы
ГРАФИКА-1.
Алматы қаласында дүниеге келген нәрестелер:
2019 жылы - 44022;
2020 жылы - 50 120.
ГРАФИКА-2.
2020 жылғы танымал есімдер:
Абай;
Ибраһим;
Мағауия;
Алихан;
Рамазан.
Әйкерім;
Тоғжан;
Зере;
Медина;
Айлин;
Асылым.
ГРАФИКА-3.
№11 қалалық ауруханада
1507 бала дүниеге келген;
8 егіз.