Ғимараттың іргетасы осыдан 100 жыл бұрын қаланған
Шымкенттегі театр әртістері тозығы жеткен ғимаратта өнер көрсетуге мәжбүр. Қаладағы Жұмат Шанин атындағы өнер ордасының құрылғылары ескіріп, сахнасы сынған. Соған қарамастан жұмыс істеп жүрген актерлер бір күні қирандының астында қаламыз ба деп қорқады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
- Мына штангеттер өте қауіпті. Әртістер рөлін ойнап жатқанда, премьера кезінде уайымдап отырамыз. Ортасы түсіп кетсе, адам өледі. Құдай сақтасын деп жүре береміз. Бірақ сақтау үшін де қарекет ету керек, - дейді драматург Сая Қасымбек.
Қалалық драма театрының күрделі жөндеу көрмегеніне 10 жылдан асқан. Жауаптылар мекемені реконструкциядан өткізу үшін нысанды кем дегенде 25 жыл пайдалану керек дейді. Ал театр ұжымы тағы 15 жыл күтуге ғимараттың шыдас бермейтінін айтады.
- Мынау сахнамыз күрделі модернизацияны қажет етіп тұр. Бұл дегеніміз жоғарғы және төменгі механизациямыз мүлдем талапқа сай емес. Және жарық беру, дыбыс беру кешендері де қазіргі заманауи техникалармен жабдықталмаған. Соны жеткіздік. Өздері сахнаға шықты. Сахнаның беті де стандарттарға сай жасалмаған. Оны да көрді, - дейді Ж. Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының директоры Арайлым Құрбанбекқызы.
Театр қызметкерлері ғимараттың іргетасы осыдан 100 жыл бұрын қаланған болуы мүмкін деп отыр. Себебі, мұрағаттағы деректерге сүйенсек, сол кезеңдерде бұл нысанда іс-шаралар өткен дейді өнер ордасының қызметкерлері. Алайда бір ғасырлық тарихы бар киелі орынның қашан жөндеу көретіні қазірше белгісіз.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Ашуға булықты: қосшылықтар әділдік іздейді