Алматыға Украинадағы қазақстандықтар мінген 5-рейс келді

Almaty.tv
Almaty.tv
Катовице қаласынан Алматыға тікелей қатынаған әуе бортымен барлығы 89 адам эвакуацияланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін тағы 89 азамат Украинадан Қазақстанға эвакуацияланды. Катовицеден шығып, тікелей Алматы халықаралық әуежайына келіп қонған ұшақта отандастарымыздан өзге, Украина мен Польшаның азаматтары да болды. Айта кетейік, бұл – ол жақтағы адамдарды елге жеткізген 5-інші рейс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

 

Кеше, 14 наурызда Украинаға дәрі-дәрмекке толы гуманитарлық көмек жеткізген Air Astana әуекомпаниясының ұшағы бүгін 14:53-те Алматы халықаралық әуежайына келіп қонды. Катовице қаласынан Алматыға тікелей қатынаған әуе бортымен барлығы 89 адам эвакуацияланды. Оның 56-сы – қазақстандық азаматтар.

Украинада қалған жақындарын күтіп алуға жиналған жұрттың қарасы көп. Бәрі де туыстарының амандығын тілеп, қатты алаңдағанын айтады. Қазір ондағы бірқатар қалада байланыс болмағандықтан, көбісі елшілікке өздері қоңырау шалып, хабар беріпті. 

«Немереміз кішкентай қызымен келе жатыр. Ол бізге шөбере ғой. Шөбереміз 2 жаста, немереміз 28-де. Сонда тұрмысқа шыққан, Днепрода тұрады. Оларға елшілік көмектесті. Біз өзіміз хабарласқанбыз», - дейді қала тұрғыны Тілеу Жақсылық. 

 

Елге оралған отандастарымыз арасында Одесса, Киев қалаларында 20 жыл бойы тұрған азаматтар да болды. Олардың айтуынша, қазір ондағы жағдай ауыр және шекараға дейін жету әлі де қиын. Алайда Польша шекарасында жағдай тұрақты дейді. Қазақстанға аман-есен жеткен олар елшілікке алғыс білдірді.  

«Біз күнделікті дабыл дауысымен ұйықтап үйрендік. Әр сағат сайын жаңалық қарап отырдық. 12 тәулік бойы жертөледе тұруға мәжбүр болдық. Негізі өзіміз Киевте көпқабатты үйде тұрамыз. Бомбалар жарыла бастағанда 50 пәтердің тұрғыны бас сауғалап қаштық. Өкінішке қарай, 8 үй иесі қалып қойды», - дейді Қазақстан азаматы Татьяна Митус.

Айта кету керек бүгінгі ұшақпен елге қазақстандықтардан бөлек, Украинаның 32 және Польшаның 56 азаматы келді. Арасында еңбектеген бала да, еңкейген қария да бар.

«Мен Одесса қаласында тұрамын. Қазір менің қаламды басып алуға тырысып жатыр. Бірақ Құдай қарасып жатыр. Өйткені ресейлік әскер ұшақпен сонда қонатын кезде боран болып кетеді, табиғат құбыла бастайды... Адамның бәрі босып кетті. Балалар мен аналарды ғана эвакуациялап жатыр. Ер азаматтарға кетуге болмайды», - дейді Украинаның азаматшасы Алина Ковиц.

Әуекомпанияның хабарлауынша, дәл осындай репатриациялық рейстер тағы қайталанады. Сондай-ақ Украинаға қосымша гуманитарлық көмек жіберу де жоспарланып отыр екен.

«Катовицеге гуманитарлық жүкті жеткізу үшін тағы 2 рейс және қайтарда репатриациялық рейс орындалады. 6-рейс Катовицеден бүгін 16:40-та ұшады. Алматыға ертең сағат 22.10-да жетеді деп отырмыз», - деді Air Аstana АҚ корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Тілек Әбдірахымов.

Бұл – отандастарымызды қақтығыс болып жатқан Украинадан елге жеткізген 5-ші рейс. Бұған дейін 1, 4 және 10 наурызда барлығы 439 адам эвакуацияланған болатын. 

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров