«Қолымнан айырылып қалдым»: Алматыда өндірісте жүріп мүгедек болған әйел өтемақысын ала алмай жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Фабира өкілдерінің айтуынша, айтыған айыптауларға ешқандай негіз жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жұмыс кезінде қолынан айырылып, өмір бойы мүгедек болып қалған 47 жастағы әйел өтемақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды тілшісі.

Аза Долгиева күнделікті істеп жүрген жұмысына барып, қас қағым сәтте қолынан айырылған. 47 жастағы әйел өндіріс кезінде 5 тонналық шоколад араластыратын машинаға абайсызда қолын салған. Конвейер әп-сәтте білегін кесіп түсіпті.

«Қолымдағы шүберек абайсызда конш-машинаға түсіп кетті. Сол кезде аппарат өзі тоқтап тұр деп ойлап шүберекті алғым келді. Сөйтіп қолым пышақтың астында қалды. Қазір әлі күнге дейін қақсап ауырады. 3-4 айдан бері қолымды қимылдатып, жоғары көтере алмаймын», – деді зардап шеккен азамат Аза Долгиева.

Ауруханаға жатқызылған соң қолына ампутация жасалған. Ал кондитерлік фабрика өкілдері сол кезде барлық өтемақыны төлеп, емге керектің бәрін жасаймыз деп уәде еткен. Тіпті, протез де салып береміз, жұмыстан да босатпаймыз деген көрінеді. Бірақ оның бәрі сөз жүзінде қалған. Тек жуырда ғана емге деп 1 миллион теңге бергені болмаса, көмек көрсетуден мүлде бас тартып отыр дейді адвокат.  

«Аза енді компанияға протезге мұқтаж екенін құжат жүзінде дәлелдеуі керек екен. Бұл барып тұрған сандырақ емес пе?! Қолсыз қалғаны онсыз-ақ көрініп тұр ғой. Компания өздері тексеру жүргізген. Сонда жұмыс берушінің кінәсі 80 пайыз анықталды. Енді келіп өтемақы төлеуден де үзілді-кесілді бас тартып отыр», – деді адвокат Рена Керимова.

Оқыс жағдай осыдан тура 6 ай бұрын, 22 желтоқсанда өндіріс кезінде болған. Басында байланысқа шыққысы келмеген фабрика өкілдері ақыры мән-жайды түсіндіруге келісті. Олардың айтуынша,  айтыған айыптауларға ешқандай негіз жоқ. Өйткені өндіріс өкілдері қызметкерді далада қалдырмаймыз дейді. Сұраған 10 миллион моральдық шығынды да, протезге керекті 30 миллион теңгені де өтеп береміз деп сендірді.

«Бұл қызметкеріміз оқыс жағдайлардан сақтандырылған. Сондықтан төлемдерді өтеу сақтандыру компаниясына жүктеледі. Олар бұл мәселені қарастырып жатыр. Сақтандыру компаниясы айлығының 60-70 пайызы көлемінде өмір бойына өтемақы төлейді. 6 ай бойы бақылауда болып, мүгедектігін алып, тиісті құжат беруі керек. Сосын ғана өтемақы беру, протез жасатуға мүмкіндік туады», – деді «Лотте рахат» АҚ операциялық директоры Валерий Кинзерсий.

Дегенмен зардап шеккен азамат азаматтық сотқа жүгініп, құқығын соңына дейін қорғауға бекінген. Өйткені Азаның өсіріп отырған екі баласы мен өзінің еңбекке жарамсыз болып қалғаны қатты алаңдатады.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров