Биыл Қазақстанда 27 орман өрті тіркелді. Төтеншеліктер су тасқынының салдарын жоюмен қатар, қызыл жалынның алдын алу шараларын жасап жатыр. Алайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов өрттен қорғау жұмыстарын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл өрттің алдын алу шаралары ерте қолға алынып, Үкімет қабырғасында дайындықтар пысықталып жатыр. Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзіне сенсек, орман шаруашылығын материалдық-техникалық жарақтандыруға көп қаражат бөлінген. Былтыр 9 миллиард теңгеге 25 өрт сөндіру автокөлігі, 51 шағын өрт сөндіру кешені, 154 трактор сынды техникалар сатып алынған.
– Биыл кешенді жоспар аясында материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 3,8 миллиард теңге, министрліктің табиғатты қорғау мекемелері үшін 15,4 миллиард теңге бөлінді, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Министрдің сөзінше, орман өртін жедел анықтау жүйесі елде жеткіліксіз. Тың технологиямен жұмыс істейтін жабдық 600 мың гектар орманды алқаптарға орнатылған. Оның санын көбейту көзделіп отыр. Бірақ биыл емес.
– Биыл қаражат бөлуге өтінім тапсырдық. Бірақ ақша келесі жылы бөлінетін болды. Семей өңірінде орман өртін болдырмас үшін төтеншеліктермен бірігіп, іс-шараларды қарастырып қойдық. Соның нәтижесінде орман алқабы өртін көбейтпей, алдын аламыз, – деді Ерлан Нысанбаев.
Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов елде орман өрті жиі тіркелетінін тілге тиек етті. Ол Экология министрі Ерлан Нысанбаев айтқан құрылғылардың санын көбейту бастамасын қолдады.
– Биыл 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Осыған байланысты өңір әкімдері аталған бағыттағы жұмысты күшейтіп, барлық проблеманы жеке бақылауға алуы қажет. Бүгінгі таңда мемлекеттік орман қорының екі пайызы ғана орман өртін ерте анықтау жүйесімен қамтылған. Қанат Алдабергенұлы, осы жүйені енгізу мәселесін бақылауға алыңыз, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Премьер-министр Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарындағы аумақтар әлі күнге дейін қураған шөп пен қоқыстан тазартылмағанын айтты. Экология министрлігі осы уақытқа дейін "Қазавиаорманқорғау" мекемесінің 12 бөлімшесінде тікұшақтар кезекшілігін реттемегенін сынап, жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Ақтөбедегі жағалауды қайта қалпына келтіру үшін 80 миллион теңге бөлінеді