Алматыда оқушылар түрмедегі жағдаймен танысты

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл Алматының кәмелетке толмаған 16 бала ұсталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы кәмелетке толмаған 40-қа жуық бала түрмедегі жағдаймен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы тергеу изоляторына автобуспен жеткізілген жасөспірімдерді кіргізер алдында ішкі тәртіппен таныстырды. Прокурорлардың айтуынша, дәл мұндай іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

– Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, сотталғандардың қатаң күн тәртібін көрсету, – деді Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Нұржан Қазантаев

Адамның мысын басатын мекемеге кірген жасөспірімдер қапастың күн түспейтін жағын да, кісіні қамауда ұстайтын камераны да көрді. Оларға мекеме қызметкерлері әр істің сұрауы барын айтты. Экскурсия барысында балалар жазасын өтеп жатқан азаматпен де жүздесті.

– Мен 4 жыл 6 айға қамалып, соның 1 жыл 7 айын өтедім. Қылмысым үшін өзіме лайық жазамды алып жатырмын. Оңбай қателескенімді ісіме жауап беретін сәт келгенде ғана түсіндім. Кез келген қылмыс түбінде жазасыз қалмайды. Сондықтан ақылға келіңдер. Жастық шақты мен сияқты құртып алмаңдар, – деді жазасын өтеуші.

Тергеу изоляторын аралаған 40-қа жуық жеткіншектің дені мектеп оқушылары. Арасында балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар. Қауіпсіздік үшін қасында ұстаздары да жүрді.  

– Басында қорқып, шошып қалдым. Бағана іштегі адамдардың айтқанын естігенде, тіпті қорқа бастадым, – деді мектеп оқушысы Алмат Әбдікерім.

Ұйымдастырушылар «негізі бұл экскурсия балаларды қорқыту үшін емес, жауапкершілікті түсіну үшін жүргізілді» дейді. Прокурорлардың айтуынша, соңғы уақытта жасөспірімдер есірткімен байланысты қылмысқа көп барады. Биыл Алматыда кәмелетке толмаған 16 бала ұсталған. Наркотикті тасымалдау, тарату сынды заңға қайшы әрекет үшін 121 адам сотталыпты.

Оразай Нұртайұлы, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мектептерде буллинг фактісін хабарлайтын батырма болуы керек – психолог

Новости партнеров