Баспана құлауға шақ тұр: апатты үйде тұратын атыраулықтар көшіруді талап етіп отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Облыста апатты деп танылған 82 тұрғын үй бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраулықтар үйіміз апатты деп шағым айтты. Жұрт қабырғасы сонау 1950-60 жылдарда қаланған ескі баспанада жанын шүберекке түйіп, күн көруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жыртықты жамаудан шаршадық» деген жұрт қазығы осыдан 70 жыл бұрын қаланған үйде амалсыз тұруға мәжбүр. Олардың айтуынша, әбден тозығы жеткен баспана құлауға шақ тұр. Қабырғасы жарылып, тоқ жүйелері істен шыққан, едені шұрық тесік. Жарық жиі өшіп, тіпті ауыз су да уақытылы берілмейді. Бір күні үйіндінің астында қалудан алаңдаған бұқара әкімдіктен көшіруді талап етіп отыр.

– Ертең, арғы күні деп уәде береді де, кетеді. Балалар алаңы, жүретін жер жоқ. Әкімге жазылсаң «жасаймыз, қатырамыз» деп шығарып салады. Инвесторды күткеніме 5 жыл болды, – деді қала тұрғыны Нұрбикеш Қосқалиева.

– Жылда тұрғын үй сүрілетінін айтады. Бірақ орындалмайды. Биыл да өтінім қабылданбады, – деді қала тұрғыны Ерлан Билажев.

Халық талай рет мәселені айтып, шенеуніктердің есігін қаққан. Алайда ондағылар істі сағызша созып, бүгін-ертең деумен келеді екен. Себебі дәл қазір бере салатын үй жоқ. Әрі инвестор таба алмай жатқан көрінеді.

– Апатты тұрғын үйдің орнына үй салып, сол үйге тұрғындары көшіру үшін инвестор іздеп жатырмыз, – деді Тұрғын үй комуналдық шаруашылығы басқармасының сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.

Облыста апатты деп танылған 82 тұрғын үй бар. Алдағы уақытта инвесторлар арқылы жаңа үй салу жоспарлануда. Қазіргі жергілікті әкімдіктің қолдауымен 30 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша ол 2024  жылы тапсырылуы тиіс.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Новости партнеров