Жамбыл облысының Байзақ ауданында да құбыр үшін қазылған шұңқырлар жабылмаған күйі жатыр. Оған себеп – жарты миллиард теңгеге салынуы тиіс ауыз су желісінің жарты жолдан тоқтап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құсақ пен Аққия ауылдарындағы орталықтандырылған су желісінің құрылысы 2022 жылы басталған, бірақ мердігер жұмысты аяқтамай тастап кетіпті. Салдарынан елдімекен іші ойдым-ойдым болып жатыр. Ал тіршілік нәрінен тарыққан қос ауыл халқы әлі күнге құдықтың лай суын тұндырып ішуге мәжбүр.
– Былтыр күзде тамызда үйге су берілетінін айтқан. Жоқ. Ал ішіп отырған су таза емес, – деді Құсақ ауылының тұрғыны Қанат Боранбаев.
– Жұмыстың 40 пайызы ғана орындалған. Ал ақша бөлінді? Қайда кетті, ешкім білмейді? – деді Ұсақ ауылының тұрғыны Өмірзақ Рахимов.
Ал аудан әкімдігі жобаның бірнеше жылға созылып кетуіне мердігер компания кінәлап отыр. Олар 2 жыл бұрын басталған құрылысты аяқтай алмай, келер жылға қалдырған. Былтыр серіктестіктің басшылығы ауысып, жоба тағы бір жылға созылған. Құсақ ауылын таза ауыз суға қосу үшін республикалық бюджеттен 320 млн, ал Аққияға 214 млн теңге бөлінген. Жергілікті билік бұған дейін бітпеген жұмысты 1 сәуірге дейін аяқтаймыз деп уәде берді.
– Су беруге негізі нысан дайын, бірақ Құсақ және Аққай ауылында жұмыстар аяқталуда. Бірақ олар жұмысты уақытылы істемегені үшін, құзырлы органдарға шағым берілді. Тиісінше айыппұл салынады, – деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков.
Оқи отырыңыз: Соққыға жығылаған жедел жәрдем жүргізушісіне тағы ота жасалады