Алатау ауданына қарасты Самғау ықшамауданында жол мәселесі қашан шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Кәріз жүйесі мен су құбырларын орнатамыз деген мердігерлік компания жолды түгелдей қопарып тастаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатау ауданына қарасты Самғау ықшамауданында жол мәселесі бітпейтін жырға айналды. Кәріз және су құбырларын жүргізгеннен кейін, мердігерлер әжептеуір асфальт жолды топырақ жолға айналдырып кеткен. Енді оны кім қалпына келтіреді? Жергілікті тұрғындар орнатылған жүйелерді неге пайдалана алмай отыр? Аудан әкімдігі не дейді? Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай анықтап келді.

Осыдан екі жыл бұрын мына Ақсұңқар көшесінде мінсіз жағдайдағы асфальт болған. Кәріз жүйесі мен су құбырларын орнатамыз деген мердігерлік компания жолды түгелдей қопарып тастаған. Енді тұрғындар не жолсыз, не сусыз қалып отыр.  

Жергілікті тұрғындар жаз бойы шаң жұтып, көктем келе батпақ кешіп шаршаған. Құбырлар тартылғанымен, жұрт әлі күнге олардың игілігін көре алмай отыр. Ол аздай бұл елді мекеннің тұрғындары ауыз суды жекеменшік ұйымнан алады екен. Мәселені айтып бармаған жеріміз қалмады дейді олар.

«Ең негізігісі көшемізде асфальт жоқ. Қазір күн суық болғандықтан, есік-тереземізді жауып отырмыз. Бұрындары кешқұрым көшеге шығып серуендейтінбіз. Ал жазда шаңнан көз ашу мүмкін емес болды. Үйіміздің ішін шаң-тозаң басып қалған. Ертең жаңбыр жауса, не болатынын елестетіп көріңізші», – деді қала тұрғыны Магомед Горбаков.

Ықшамауданда 12 көше болса, бүгінде оның төртеуіне асфальт төселген. Жергілікті әкімдік Ақсұңқар көшесін 10 күннің көлемінде жөндеп беруді уәде етіп отыр. Ал тұрғындар су мен кәрізді үйіне кіргізу үшін қаражатты өз қалтасынан шығаруы керек.

«Әкімнің тапсырмасы бойынша құрылыс жұмыстары жалғассын деген тапсырма келген. Соны бастап, қазіргі таңда осы шағынауданда 4 көшені асфальттап бітірдік. Ол – Көкарай көшесі, Ырысты көшесі, Дорожная, Зеленый көшесі. Енді осы Ақсұңқар көшесіне тоқтала кетсек. Ақсұңқар көшесін шамамен бір апта, 10 күн шамасында асфальт төсеуді бастаймыз», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бас маманы Бекнұр Әлиакбар.

Құрылыс жұмыстары кешігуінің негізгі себебі елдегі пандемиялық ахуал болып отыр. Күшейтілген карантинге байланысты құрылысшылар 2 ай бойы жұмыстарын жалғастыра алмаған. Осылай деген мердігер компания ықшамаудандағы барлық жолдарды жыл аяғына дейін қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

«Келісімшартта құрылыс жұмыстарын аяқтап, жобаны өткізу уақыты 2020 жылдың 31 желтоқсаны деп көрсетілген. Асфальт төсеуді ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтаймыз», – деді мердігер компания өкілі Дмитрий Чуканов.

Жалпы қала бойынша «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында 23 ықшамауданда орталықтандырылған ауыз су және кәріз жүйелерін орнату жоспарланған. Онымен қоса 8 шағынауданның жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр.  

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров