Тоқаев: Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау – маңызды міндет

Almaty.tv
Almaty.tv
Президент тапсырмасы бойынша әйелдер мен балаларға қолдау көрсететін орталықтар құрылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел ішіне іріткі салатын жат идеологиялармен күресті күшейту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында әлеуметтік желіде жұртты заң бұзуға итермелейтін ағымдардың көптігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президент олардың жолын кесу үшін басқа да құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс атқаруды тапсырды. Бұдан бөлек, құқық қорғау жүйесін дәйекті түрде қайта құру, полицияның билік пен қоғам арасындағы дәнекер болуы секілді мәселелерге назар аударды. Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау – маңызды міндет деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Шұғыл басқару орталығының ғимаратына барып, Ішкі істер министрлігінің ахуалдық сараптамалық орталығының жұмысымен танысты. Бұдан кейін Президентке министрліктің цифрлық технологиялары көрсетілді.

Мемлекет басшысы салатанатты жиында Қазақстан полициясын 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл дата тәуелсіздік тарихындағы айтулы белес екеніне тоқталды. Президенттің пікірінше, құқық қорғау жүйесі – мемлекеттігіміздің берік негізі, елдегі тұрақтылықтың басты кепілі. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау қызметкерлеріне айрықша міндет жүктелгенін, олардың әрқашан ширақ қимылдап, батыл әрекет жасауы кәсібиліктің белгісі екенін атап өтті.

«Бұл, әсіресе, қаңтар оқиғасы кезінде анық байқалды. Тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Дегенмен, бейқам отыруға болмайды. Заман күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Оның бәрі ішкі істер органдарының түбегейлі өзгеруін талап етеді. Біз болашаққа нық сеніммен қадам басуымыз қажет. Қуатты мемлекет болу үшін мызғымас тұрақтылық, темірдей тәртіп орнауы керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ел ішіне іріткі салатын жат идеологияларды тағы бір маңызды мәселе ретінде атады. Әсіресе, әлеуметтік желіде жұртты заң бұзуға итермелейтін ағымдардың өте көптігіне назар аударып, олардың жолын кесу үшін басқа да құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс атқару керек екенін атап өтті. Сонымен қатар, азаматтардың бәріне тең мүмкіндік беретін қоғам құру, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесіне тоқталды.

«Тағы бір маңызды міндет - әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау.  Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды. Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы кездері құқық қорғау органдарының қызмет бабын асыра пайдалануына қатысты шағымдардың жиілеп кеткенін де атап өтті. Президент, әсіресе, Экономикалық тергеу қызметінің өңірлердегі жұмысына жағымсыз пікірлер көптеп түсіп жатқанына тоқталды. Жиын соңында Мемлекет басшысы саланың бірқатар қызметкеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.


Новости партнеров