Алматыда көпбалалы отбасыларға азық-түлік және киім-кешек алуға сертификаттар табысталды. Демалыс күндері «Бақытты отбасы – Алматы» қоры мен «Nur Otan» партиясының өкілдерінен құралған жұмыс тобы көмекке мұқтаж көпбалалы жанұялардың үйін аралады.
Алматылық көпбалалы ана Назым Смағұлованың 4 баласы бар. Оның бірі – мүгедек және жақында бұл отбасы тағы бір сәбимен толықпақ. «Бақытты отбасы – Алматы» қорына құжаттарын өткізген Назым бүгін азық-түлік және балаларына киім алуға 90 мың теңге көлемінде көмек алды. Қос бірдей сертификатқа ие болған ана қуанышын жасырмады.
«Nur Otan» партиясы көпбалалыларға, соның ішінде мүгедек баласы бар аналарға сертификат табыстап жатыр. Әрине, естіген кезде сенбеген едік. Бірақ, үміт үзбей, барып тіркеліп қоя салған болатынбыз. Енді міне, үмітіміз ақталып, бала-шағамызбен қуанып жатырмыз. Біз сияқты мұқтаж жандар үшін бұл үлкен көмек», - дейді көпбалалы ана Намыз СМАҒҰЛОВА.
«Бақытты отбасы – Алматы» қоры алдағы уақытта Назым Смағұлованың үйіне газ қосып, баспаналарын жөндеуге де қол ұшын созамыз деді.
Бұл күні аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 600 сертификат табысталды. Оның 400-і азық-түлікке ал, 200-і киім кешек алуға берілді.
«Қала бойынша мұндай сертификат 186 отбасыға беріледі. Біз тек Алматы қаласының тұрғындарына, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға ғана көмектесеміз», - дейді «Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қорының басшысы Гүлнас АХМЕТОВА.
«Мен де өзім көпбалалы анамын, 8 бала тәрбиелеп отырмын. Біз үйде қол қусырып қарап отыра бермей, бас қосып жұмыс істеуіміз керек. «Бақытты отбасының» құрамында көпбалалы 8 ана бар. Олар өз отбасыларын екінші кезекке ысырып қойып, қазір басқа аналарға көмектесіп жүр. Отыра берсек өзгеріс болмайды, өзіміз жүгіріп жұмыс істеуіміз керек», - дейді «Бақытты отбасы» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Гауһар ТАНАШЕВА.
Көмекке мұқтаж көпбалалы аналар барлық сұрақтары бойынша «Нұр Отанның» кез келген филиалына бара алады. Ал, «Бақытты отбасы – Алматы» қоры мұндай отбасыларға моральдық және материалдық тұрғыдан көмектесуде дайынбыз дегенді айтты. Бастысы Алматы қаласында тұрықты тіркеуі болуы керек.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы.