Алматыда көпбалалы отбасыларға домбыра сыйға таратылды. Өз разылықтарын білдірген балалар қолдарына ұлттық аспапты алып, шара ұйымдастырушыларына ән шырқап, күй тартты.
«Рухани жаңғыру» жобасы аясында ұлттық бұйымдарды насихаттап жүрген бастамашыл топ әр отбасына бір домбырадан сыйлауды жөн санапты. Ынталы балалар көп болғанадықтан бір отбасыға екеу-үшеуден музыкалық аспап берілген.
«Үнемі қазақтың жанынан табылып келген домбыраны бұлар да тартып үйреніп, тілін түсініп өссін деген мақсатпен сыйлап отырмыз. Домбыраның 50-60 түрі бар. Оларды үздік шеберлер жасап, халыққа ұсынып отыр», - дейді қайырымдық шарасын ұйымдастырушы Салтанат ӨМІРӘЛІ.
«Үнемі домбыра алып бер дейтін. Оған кейде шамамыз келмейді, кейде құнттамаймыз. Енді міне, қолымызға тиіп, қуанып отырмыз. Үш балам бар, үшеуі де домбыраға әуес», - дейді Алматы тұрғыны Алтынай ТҰРАПОВА.