Қоянды тұрғындары электр қуатын қымбаттатпақ болған компания жұмысына наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
2018 жылы электр энергиясын тартуды толықтай мемлекет өз тарапына алады дегенмен, бәрі сөз жүзінде қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысындағы Қоянды елдімекенінің тұрғындары жарық тарифін өсіруге бекінген жекеменшік компания жұмысына наразы. Оның айтуынша, электр қуатын ұсынатын мекеме тарифты 24 теңгеден бірден 28 теңгеге дейін көтермек ниетте. Ең қызығы, білдей бір ауылдың жарығына жауапты ресми тіркелген компания жоқ екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоянды ауылының тұрғындары электр қуаты бағасының қымбаттауына үзілді-кесілді қарсы. Өйткені электр энергиясын жеткізушілер жарық бағанасын орнатамыз деп осыған дейін әр үйден орташа есеппен 300 мың теңгеден жинаған екен. Бұл қаражаттың артылғаны қайтарылады дегенімен, тұрғындар жиналған ақшаның бір тиынын да көрмедік деп отыр. Енді келіп жауапты компания тарифті 24 теңгеден 28 теңгеге көтермекші. 

«Бізге басында жиналған кезде 200 мың теңгеден жинаймыз деп айтылған еді. Кейін жетпейді деп 50 мыңнан қосыңдар деді. Одан кейін тағы жетпейді деді. Одан кейін менің балам 300 мың теңге берді. Осы айға егер 28 теңгеден төлейтін болса, қазір мен есептесем, 10 мың теңгеге шығып кетеді екен», – дейді Қоянды ауылының тұрғыны Жайық Өсер.

Тұрғындардың айтуынша, 2016 жылдан бері жарықты жекеменшік компания жеткізіп келген. Ал 2018 жылы электр энергиясын тартуды толықтай мемлекет өз тарапына алады деген. Бірақ айтылған сөз құр уәде болып қалды дейді халық.

«Бір бағанаға 4-5 үйді байлап қойған, әр үйдің алдында бір-бір бағана тұруы керек еді. Қызмет көрсету деген атымен жоқ. Бір нәрсе айтсақ, ақша беріңдер электрик келіп істеп береді дейді. Оған 5-6 мың теңгеден ақша беру керек. Ар жақтағы ауылдан 600 мың теңгеден ақша жинаған. Ол не сұмдық?», - дейді ашынған тұрғындар.

Бір қызығы, Ақмола облысында электр желілерін тарту компаниясымен келісімшартқа отырған жарық жеткізуші компания өкілінің айтуынша, олар ресми түрде не жеке кәсіпкер, не жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде де тіркелмеген екен. Бар болғаны, «Ақмола электр желілерін тарту компаниясымен» келісімшарт негізінде қызмет етеді. Ал жарықтың қымбаттауына елдегі электр энергиясы бағасының өсуі әсер етті дейді.

«АЭҮК, яғни «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» алмаймыз дейді. Өйткені оларға 100 адаммен жұмыс істегенше, бір адаммен жұмыс істеген ыңғайлы. Екіншіден, біздегі қолға алынған жоба әлі бітпеген. Кейбір абоненттер әлі келмеген. Бос жерлер көп. Сондықтан АЭҮК жоба бітпей, алмаймыз деп жатыр», – деді Қоянды ауылының электр энергиясына жауапты маман Ерболат Тоқтаубай.

Жауапты маманның сөзінше, ауылдағы бос жатқан жерлерге үй салынған жағдайда ғана «Ақмола электр желілерін тарту компаниясы» электрмен қамтамасыз етуді өз міндетіне алады. Ал оған дейін қайткен күнде де тарифті өсіреміз деп бекініп отыр. 150 үйі бар Қоянды елдімекенінің тұрғындары бұл әрекетті заңсыз деген арызбен сотқа шағымданбақ.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров