Бүгін елімізде халықты ревакциналау басталды. Бұған дейін қайта егу науқанының екі кезеңмен жүретіні мәлімденген еді. Вируспен күресте алдыңғы шепте жүргендер екпенің күшейткіш дозасын бірінші болып алуда. Қазір иммундау жұмыстары мегаполистің барлық егу пункттерінде жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ревакциналау медицина қызметкерлерінен басталды. Дәрігерлер мен медбикелер емханаларда халықты вакциналай жүріп, өздері де үшінші мәрте иммундалып үлгерді.
Ел бойынша басталған ревакциналау науқаны Алматыдағы 132 егу пунктінде жүзеге асып жатыр. Қайта егу науқанында күшейткіш дозаны алғандардың басым көпшілігі – дәрігерлер мен медбикелер. Сондай-ақ ревакциналануы қажет полицейлер мен әскери құрылым қызметкерлерінің де тізімі дайын. Енді ертеңнен бастап емхана қызметкерлері оларға хабарласып, иммундауға шақырады. Жалпы, ревакциналау екі кезеңмен жүреді. Осы ретте, алғашқы кезекте 60 жастан асқан қариялар мен иммунитеті әлсіз жандар, антиденелері жоқ және созылмалы дерті бар науқастар да жаңа жылға дейін үшінші мөлшерлемені алуына болады.
«Алғаш екпені ақпанда алдым. Ол кезде медицина қызметкерлерінің барлығы «Спутник V» вакцинасын салғызған еді. Екінші компонентін 21 ақпан күні салды. Ал қазір «Вероселл» екпесінің күшейткіш мөлшерін алдым. Өйткені біз күнделікті түрлі инфекциямен бетпе-бет келеміз. Әсіресе коронавирусты жұқтырған науқастармен көп жұмыс жасаймыз. Сондықтан өзімізді және жақындарымызды, пациенттерді індеттен қорғауымыз керек. Дәрігерлер ауырса, науқастарға кім қарайды?», – деді Алматы қалалық №16 емхананың сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі Януш Зацеленский.
Осылай бүгін күшейткіш дозаны алғашқы болып алған медицина қызметкерлері көпшілікті де қайта егу науқанына белсенді қатысуға шақырды. Ал халықты жаппай ревакциналау Жаңа жылдан кейін бсталады. Жалпы, жыл басынан бері 958 мыңнан аса алматылық екпенің толық курсынан өткен. Тек бүгін бірінші компонентін 489 адам салдырды. Қазір қалада қоғамдық иммунитет деңгейі 56 пайызға жеткен. Десе де, 6 немесе 9 ай өткен соң иммунитет әлсірей бастайды. Сондықтан мамандар қайта егілу маңызды дейді. Қазір тұрғындар елде тіркелген 6 екпенің қалағанын салдыра алады. Оның ішінде «Файзер» вакцинасы да бар. Алайда дәрігерлер екпенің үшінші дозасы алғашқы екі компонентті қайталамағаны дұрыс деп кеңес береді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда халықты ревакциналау басталды
«Бірінші, екінші компонентын алған адамдар векторлық вакциналарды, яғни тірі вакцина дейміз. Олар үшінші мәрте егілуге – ревакциналау кезінде инактивтендірілген екпе алуға құқылары бар. Көбінесе, келіп жатқандар – өзіміздің қызметкерлер. Олар қазір жұмыс орнында алып жатыр. Дәрігерлерден 10 кісі алды, медбикелерден 15 адам алды», – деді Алматы қалалық №16 емхананың иммунологы Раушан Мырзахметова.
Қазір қалада эпидахуал жақсарып келеді. Соңғы тәулікте 127 адам вирус жұқтырған. Сондықтан бүгіннен бастап Алматыда карантин шаралары жеңілдеді. Енді «Ashyq» қосымшасына тіркелген кәсіпорындар қызметінің уақыты түнгі 3.00-ге дейін ұзарды. Ал көшбасшылар таңғы сағат 5.00-ге дейін жұмыс істей алады. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарында қонақтар санын 70%-ға дейін толтыруға болады. Одан бөлек, теміржолдар мен халыққа қызмет көрсету орталықтары, монша, спорт нысандары мен сұлулық салондарының еш шектеусіз жұмыс істеуіне рұқсат етілді.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы