42500 теңге: Алматы қаласы бойынша екінші айда 40 мыңнан астам адамнан өтініш түскен

Almaty.tv
Almaty.tv
Азаматтардан арыз қабылдау әлі де жүргізіліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдайдың екінші айында Алматы қаласы бойынша 42500 теңгені алуға ниетті 40 мыңнан астам адамнан өтініш түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Азаматтардан арыз қабылдау әлі де жүргізіліп жатыр. Өтініш берген  адамдардың арызы неліктен кейін қайтарылады және үміткерлер қайта сұраным жасай ала ма? Ал жәрдемақыны екінші рет алу үшін қайтадан бірыңғай жиынтық төлем төлеу керек пе?

Айбаршын Ержігітова есімді тұрғын жаңа жылдан бері үйде отырып, балаларға қосымша сабақ берумен айналысып, нәпақасын тауып жүріпті. Тіл маманы бұл кәсібін әлі заңдастырып үлгермеген екен. Сондықтан кейіпкеріміз табысынан айырылған азаматтарға берілетін 42500 теңгені алуға өтініш берген.

«42500 теңгені алу үшін мен ең алдымен БЖТ төледім. Одан кейін бір күннен кейін БЖТ шотқа түскеннен кейін мен еңбек.кз порталы арқылы өтініш толтырып, ақпараттарды енгіздім. Содан кейін он күннің ішінде менің қолыма 42500 теңге түсті. Осындай қиын-қыстау кезінде қазақ халқына, қазақ еліне, өзінің барша азаматтарына көмек қолын созып жатқаны үшін мен шексіз ризамын», – деді қала тұрғыны Айбаршын ЕРЖІГІТОВА.

Бұрын жеке меншік білім орталығында жұмыс істеген Айбаршын кәсіпкерлікке енді ғана бет бұра бастапты. Бірақ карантин кесірінен одан да қағылып отыр. Ал мемлекет тарапынан берілген қаржылай көмекті жанұясына азық-түлік пен керек-жарақ алуға жұмсаған. Жалпы Алматы бойынша бұл жәрдемақыны 400 мыңнан астам адам алған. Бұл – 17,5 млрд теңге. Мамандардың сөзінше, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың көбі бір реттік бірыңғай жиынтық төлемді төлемей-ақ өтініш жібере салатын көрінеді. Мұндай жағдайда жүйе арызды автоматты түрде кейін қайтарады. Бірақ БЖТ-ны төлеп, қайта өтінім беруге әлі де мүмкіндік бар дейді жауаптылар.  

«Екінші рет өтініш беруге болады. Бірақ БЖТ-ны төлегеннен кейін, арасында үш жұмыс күні өтуі керек. Себебі өзінің өтінішін беріп қойып, оның БЖТ-сы түспесе, бірден компьютер кері  қайтаруы мүмкін», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВА.

Бүгінде шаһар бойынша 500 мыңға жуық адамның арызы кейін қайтарылыпған. Мұны мамандар 5 түрлі себеппен байланыстырып отыр. Біріншісі, соңғы 12 айда әлеуметтік жарналардың аударылмауы немесе Бірыңғай жиынтық төлемнің төленбеуі; екіншісі, өтініш беруші адам мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін болса; үшіншісі, бұған дейін де басқа жәрдемақылар алып отырған болса; төртіншісі, бірнеше жерде жұмыс істейтін адам болса және соңғысы, шетелге көшіп кетсе немесе қайтыс болғаны туралы ақпарат болса бұл көмекті ала алмайды. Ал бірыңғай жиынтық төлемді төлеген адамдарға карантин біткеннен кейін ешқандай міндет жүктелмейді.

«42500 теңге әлеуметтік төлем төтенше жағдай кезінде ғана беріледі.  Әлеуметтік жәрдемді алу үшін БЖТ-ны төлеуі керек. Бұдан ары қарай төлемеуге болады. Ал егер де кейін адам жұмыс тауып жатса, БЖТ міндеттеледі», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВА.

Бұған дейін 42500 теңге алған азаматтарға бұл жәрдемақыны екінші рет алуы үшін қайта қаржы төлеп, арыз тастаудың қажеті жоқ. Ал Бірыңғай жиынтық төлемді төлесе де, бұл жәрдемақы тағайындалмаған азаматтардың ақшасы кейін қайтарылмайды. Десе де 42500 теңгеге ие болған азаматтарға бұл көмек төтенше жағдай біткенше көрсетіліп отырады.

Қазір жәрдемақыға өтініш қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Осы әлеуметтік төлемге байланысты сұрақтардың жауабын 1411 немесе 1414 нөмірлеріне хабарласу арқылы білуге болады. Сондай-ақ мына сайттарға жүгіну керек.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы


Новости партнеров