Әлеуметтік желіде қару-жарақ сатушылардың күмәнді жарнамасы көбейді

Әлеуметтік желіде қару-жарақ сатушылардың күмәнді жарнамасы көбейді
Мамандар ғаламтордағы саудагерлердің дені алаяқтар екенін ескертеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлеуметтік желіде қару-жарақ ұсынатын көлеңкелі саудагерлердің жарнамасы көбейді. «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығы вице-президенті Сергей Катновтың айтуынша, ғаламтор арқылы мылтық пен тапанша ұсынатындардың дені алаяқтар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.       

Интернетте қаптап кеткен жарнамаларға сенсек, тапанша былай тұрсын, тіпті, Калашников автоматын сатып алу еш қиындық туғызбайды екен. Қару бағасы 150-200 мың теңге көлемінде. Бұған қарап, елімізде қару-жарақ емін-еркін сатыла ма деген ой келеді.

Мәселен, интернетке «Оружие» деп жазсаңыз, бірден қару-жарақ дүкендері шыға келеді. Киім-кешек көрмесі секілді, мылтық пен тапаншаның түр-түрі бар. Мұнда анықтамасын, сондай-ақ бағасын да жазып қойған.  

Диалог:

- Қару сатып алайын деп едім.

- Қай қаладансыз? Қарудың қай түрі қызықтырады?

- Алматыданмын, тапанша керек.

- Атысқа арналғаны ма? Онда мына жерден біреуін таңдап, маған жазыңыз.

- ТТ тапаншасы керек.

- Алматыда бар. Тапсырыс күні жеткізіп береміз.

- Мекенжайды өзіңіз айтасыз ба?

- Бір жерге жасырып кетеміз де, сізге хабарын береміз. Барлығы дайын болғанда координатын жіберемін...

«Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катновтың сөзінше, ғаламтордағы көлеңкелі саудагерлердің дені – алаяқтар. Қару-жарақты арнайы рұқсат қағазсыз оп-оңай сатып алу мүмкін емес. Бірақ әлеуметтік желі арқылы қару саудасының бар екенін сарапшы жоққа шығармады.

«Бұл мәселе бойынша бірқатар жұмыс атқарылды және атқарыла бермек. Біз полициямен үнемі байланыстамыз. Сезікті жарнама кездескен жағдайда бірден полицияға хабарлаймыз», – деді «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катнов.

Жарнамалардың басым көпшілігі аңқау ағайындардың қалтасын қағу үшін орналастырылады. Ақшасын алдын ала төлеп, артынан сан соғып қалған тұтынушы, әрине, полицияға шағым түсірмейді. Сондықтан алаяқтар батыл әрекет етеді. Жалпы, сарапшының қай-қайсысы болмасын, қарапайым азаматтарға қару атаулыдан аулақ болуға кеңес береді. Жуырда Алматының Ақбұлақ шағынауданында болған қайғылы оқиға соған айқын дәлел.

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров