Еленбеген ереже: жаңа жатақхананың дауы ушықты

Unsplash
Unsplash

Шымкентте көпқабатты үйдің тұрғындары шу шығарды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрғындар баспанамыздың іргесіне тақалып салынған жатақхананың құрылысы заңсыз деп дабыл қағуда. Ережені елемеген кәсіпкер жекеменшік ғимаратын дәл тұрғын үйге тақап салған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Шымкенттегі Тыныбаев көшесінде көпқабатты тұрғын үй 50 жыл бұрын бой көтерген.

- Ауланың ішіне көлігімізді қоя алмаймыз. Төтенше жағдай болса немесе тұрғындар ауырып, жедел жәрдем шақыртса кіре алмайды. Жұмыстан келіп демалуға мүмкіндік жоқ. Құрылысшылар түнімен жұмыс істейді. Осының барлығы тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізуде, - дейді үй тұрғыны Арсланбек Орынбасар.

Діріл мен шудан мезі болған жұрт кәсіпкерге заң да тосқауыл емес дейді. Ереже бойынша құрылыс көпқабатты үйден 20 метр әрі салынуы керек еді. Олардың айтуынша, бизнес иесін бұл ережеге бағындыратын бір шенеунік табылмаған.

- Заңға бағынбай, өз білгенімді істеймін деп отыр. Біз құрылысқа байланысты 15 метрден кейін не саламын десең де сал десек, бағынбай қойды. Арызды барлығымыз жаздық. Қаланың әкіміне, ауданның әкіміне бардық. Нәтиже жоқ, - деді қала тұрғыны Жамал Жаманкөзова.

Араша сұраған тұрғындардың мәселесін тыңдауға депутаттар, басқарма өкілдері келді. Бірақ мәселені шеше алмады.

- Бұл мәселені құзырлы орган тексереді. Эскиз жобаларына мемлекеттік қызмет рұқсат береді, - деді қалалық сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Әлімжан Ілесбеков.

Жекеменшік жатақхана құрылысын жүргізіп жатқан компания өкілдері құжаттың бәрі түгел, қыркүйекке дейін нысанды аяқтаймыз деп отыр.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Бұйырмаған баспана: Қарағанды облысында үлескерлердің қаржысын ақтамағандар жазаланды

Новости партнеров