Қолымды комбайн шайнап кетті - Алматы облысының тұрғыны жұмыс берушіден өтемақы талап етті

Almaty.tv
Almaty.tv
Еңбек инспекциясы шығарған шешімге сүйенсек, екі тараптың да кінәсі бары айтылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Ақши ауылында қолын комбайн шайнап кеткен азамат жұмыс берушіден өтемақы сұрайды. Зардап шегушінің айтуынша, қайғылы оқиға 14 қазан күні жүгері алқабында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қолсыз қалып, қызметке жарамсызбын деген 44 жастағы Есбол Нұрдаулетов – үш баланың әкесі, бір үйдің асыраушысы. Жеті жыл жалданып жұмыс істеген компаниясындағы соңғы жұмыс күнін қорқынышпен еске алады.

«Жүгері шауып жатқан кезде, комбайн тазалағыш істен шығып кетті. Төбесіндегі қақпағын ашып тазалап жатқанда іске қосылып кетті. Өзі ескі комбайн болғасын жүріп келе жатып қосылып кетеді. Оны жанымда жүрген жігіттер де біледі», – деді зардап шегуші Есбол Нұрдәулетов

Ал жұбайына алаңдап отырған әйелі жұмыс беруші компания керісінше өздерін кінәлап отырғанын айтады. Өйткені жағдайға куә болғандардың да түсініктемесі бұрмаланған.

«Комбайнның паспортын, техпаспортын тексерсін. Комбайнды зерттеп, менің жолдасыма қатысты дұрыс шешім шығарсын. Шығынды өтеп, өмір сүруіміз жеңіл болу үшін жағдай жасасын. Көмек сұрап отырмыз», – деді зардап шегушінің жары Света Нұрдаулетова.

Ал Есбол жұмыс істеген серіктестік жиырма жылдан бері жүгері дақылдарын өсірумен айналысады екен. Мекеменің атқарушы директоры қайғылы жағдайдан соң бұл отбасыға көмір-отынын, жем-шөбін қосқанда 600 мың теңгеге жуық көмек көрсеттілгенін айтты.

«Бұл жігіт бізде жұмыс істейтін болса, 200 мыңнана кем айлық төлемейміз. Жеңіл жұмыс береміз. Егер де заңды жағынан қағазы болса, қашпаймыз, төлеп береміз», – деді ЖШС атқарушы директоры Ермек Өскенбаев

Еңбек инспекциясына шағым айтқан азаматша Еңбекшіқазақ аудандық прокуратурасына да арыз қалдырыпты. Қазір бұл құзырлы орган бақылауында.

«Бұл азамат бізге арызбен жүгінді. Сол арызды біз Алматы облысы еңбек инспекциясына жолдағанбыз. Олардың қорытындысына байланысты шешім қабылданатын болады», – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының аға прокуроры Медғат Қабылқайыров.

Еңбек инспекциясы шығарған шешімге сүйенсек, екі тараптың да кінәсі бары айтылған. Арызданушы бұл шешіммен келіспейтінін айтады, керек болса билікке дейін базынасын айтуға дайын.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» Телеарнасы

Новости партнеров