Соколок арнасында да бөгет салу жұмыстары қызу жүруде
Атырауда қаланы су басу қаупі әлі де жоғары. Сондықтан апаттың алдын алу үшін жергілікті билік жұмысты күшейткен. Қазір қала маңындағы учаскелерге дамба салу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған бірнеше компания өкілі мен мердігер мекеме тартылды. Ал Алмалы ауылдық округінде жаға бекіту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мұндағы аумақтарда 2 шақырым болатын бөгет бекітілмек.
– Қазір аумақтарда жұмыс қызу жүріп жатыр. Алмалы ауылдық округінде 18-20 учаскесінде ұзындығы 2 км, биіктігі 4 метр, ені 12 метр бөгет салынып жатыр, 1 км бөгет бітті. Қазір 20 техника, оның ішінде 2 экскаватор ары қарай жұмысын жалғастыруда, – деді «Бірлік» ЖШС директорының орынбасары Бауыржан Ғалиев.
Айта кетейік, бұдан бөлек қауіп төніп тұрған Соколок арнасында да дамба салу жұмыстары қызу жүруде. Ені 10 метрге жуықтайтын арнаға қазір Жайықтан су келіп жатыр. Мұндағы ахуалды жергілікті әкімдік бақылауға алған.
Оқи отырыңыз: Алматыдан Атырау облысына гуманитарлық көмек жөнелтілді