Жылуға мұқтаж: үскірік аязда үйсіздер саны артты

 Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда жаңа бейімдеу ғимаратының құрылысы жүріп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үскірік аяз бәрінен бұрын баспанасы жоқ үйсіздердің жағдайын қиындатты. Соңғы күндері Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу үйіне келіп, көмекке жүгінгендер көбейген. Орталық басшысы қазір нысан 100 пайызға толғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Людмила Филатова - әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғыны. Жетпістің үстіне шыққан кейуана кезінде мемлекеттік қызмет істеген. Қартайып, балалары мен немерелерінің қызығын көрер шақта амалсыздан орталықты паналап жүр. Шетелдікке күйеуге шыққан туған қызы пәтердің құжатын ұрлап, өзге елге кетіп қалған көрінеді. Бауыр еті баласынан мұндайды күтпеген ол далада қалған.  

– Қызым кетерде «мен осылай істеуге мәжбүр болдым, саған бәрін түсіндіремін, әзірге қош сау болыңыз» деп жазыпты. Оған керек болмағанымды түсіндім. Пәтер жалдап тұрдым. Бірақ зейнетақым жетпеді, – деді зейнеткер Людмила Филатова.

Мұндағы жандардың өмір жолы әртүрлі. Бәрі де тағдыр тәлкегіне түсіп, соңында осы жерден пана тапқандар. Орталыққа тек далада қалғандар ғана емес, түрмеден босап шыққандар мен пробация есебінде тұрғандар да қоныстана алады.

– Астана қаласында тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарымен айналысатынмын. Кейіннен қатты науқастанып, жұмыссыз қалдым. Өзім балалар үйінде өстім. Тұрақты мекенім жоқ. Алматыға көшіп келдім. Қазір осында тұрамын, – деді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғыны Андрей Фёдоров.

– Далада қараусыз қалып, денсаулығым нашарлады. Көзім мүлде көрмей қалды. Орталық қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Қазір денсаулығым жақсарып қалды, – деді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының тұрғыны Ринат Сыздықов.

Қазір әлеуметтік «Пана» орталығында 180-нен астам адам тұрады. Күн салқындап, аяз әбігерге салғалы мұнда келушілердің саны тіпті көбейген. Соған қарамастан мамандар қосымша кереуеттер қойып, амалдап жатқанын айтады.

– Қазір орталығымызда орын жоқ. Мұндай жағдай қыс мезгілінде көп кездеседі. Үй-күйі жоқ жандар көп келеді. Орталықта 3 мезгіл тамақ қарастырылған. Өздігінен жүріп-тұра алмайтындарға қызметкерлер көмектеседі. Қажетті гигиеналық құралдар беріліп, жағдай жасалады, – деді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Болат Айтмұрзаев.

Орталық басшысының айтуынша, қазір Алматыда жаңа бейімдеу ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Нысан 143 төсек-орынға арналмақ. Жоба қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Ұлағат Арғын, Аида Иманәлі, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жамбылда 557 адам қар құрсауынан құтқарылды

Новости партнеров