|
06.01.2023 | 19:40
4585

Қаңтар оқиғасында «Алматы» телеарнасының қызметкері оққа ұшып, мерт болды

Ресми дерек бойынша, 238 адам опат болды

Қаңтар оқиғасында «Алматы» телеарнасының қызметкері оққа ұшып, мерт болды Almaty.tv.

Қанды қаңтар оқиғасының қаралы ызғары. Осыдан тура бір жыл бұрын телеарнамыздың қызметкері Мұратхан Базарбаев оққа ұшып, мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сол бір ауыр күндерде, ресми дерек бойынша, 238 адам опат болды. Мыңнан аса адам зардап шекті. Талай азамат мүгедек болып қалды.

2022 жылдың 6 қаңтары. Кешқұрым Алматыдағы дүрбелеңнің ошағына аттанған арнамыздың түсірілім тобы Назарбаев даңғылына қарай беттеген тұста оқ астында қалып, салдарынан ауыр жарақат алған. Әріптесіміз Мұратхан Базарбаев оқиға орнында жан тапсырды.

«Әкеме хабарласты. «Сіз жақын тұрасыз-ғой, келе аласыз ба?» деді. Содан кейін әкем жұмыс болғаннан кейін баратын. Сондықтан кетіп қалды. «Менің кезегім емес, шықпаймын» деп айтуға да болатын еді», – деді М. Базарбаевтың ұлы Елдар Мұратханұлы

Бас прокурор Берік Асылов Қаңтар оқиғасында опат болған 238 адамның 151-і Алматы қаласында қаза тапқанын айтты. Ең өкініштісі, бірі өмір мен өлім арасында жүргенде, дүрбелеңді пайдаланған ұрылар тонаумен айналысты. Құзырлы орган өкілдерінің желтоқсандағы мәліметіне сүйенсек, кәсіпкерлік субъектілерге 37 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

«Біз де халықтан шыққан қарапайым адамдармыз, біз де жұмысты өзіміз бастадық. Магазин ішіне кірген, көп нәрсе қираған. Қолма-қол ақша болды, ұрланды. Көп заттар, тауарлар ұрланды», – деді кәсіпкер Еңлік Бедел.

Жергілікті билік шығынға ұшыраған бір жарым мың кәсіпкердің шығынын өтеу үшін 16 миллиард, ал жеке тұлғаларға 613 миллион теңге бөлді. Бүгінде зардап шеккендердің барлығы дерлік тиісті өтемақысын алған.

Қаңтар оқиғасы кезінде ең көп зардап шеккен дәл осы әкімдік ғимараты мен резиденция. Осыдан тура бір жыл бұрын түгі қалмай өртенген қос нысанның бірінде қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатса, екіншісін толық сүріп тастау туралы шешім қабылданған болатын.

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир