Алматыда 54 мың ағаш апатты жағдайда деп танылған

Алматыда 54 мың ағаш апатты жағдайда деп танылған
Рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі - шамамен 38 мың теңгеден бастап 380 мың теңгеге дейін жетеді.
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы жасыл экономика басқармасы аудандардағы әр ағашты жеке тексермек. Арнайы мамандар жасыл желектердің жерсінуі мен апатты ағаштарды кесу жұмыстарын қарайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұндай зерттеу екі жылда бір рет жүргізіледі екен. Бүгінде қалада апатты деп танылған 54 мың ағаш бар. Оның басым бөлігі Түрксіб, Медеу және Алмалы аудандарында өсіп тұр.

Алмалы ауданында 15 мың ағашқа санитарлық кесу жұмысын жүргізу қажет екендігі есептелген. Осы уақытқа жұмыстың жартысы жасалыпты. Одан бөлек 250 ағаш тамырымен алып тасталатын болады.

Бұл жұмыстар санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сәйкес өтіп жатыр. Бірінші кезекте жол белгілерін жауып сондай-ақ электр желілеріне тиіп тұрған талдардың бұтақтары кесіледі. Санитарлық жұмыстар биылғы жылдың наурыз айынан бастап жасалып жатыр. Ол желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Ағаштарды кесу жұмысына екі мердігер компания жұмылдырылған.

«Аулаларды тұрғындар өтініш жазып, ПИК өз күшімен кесу керек. Егер талды тамырымен алып тастау керек болса, ол үшін жасыл экономика басқармасына өтініш жазып, алып тастауға рұқсат қағазын алу керек. Немесе Алмалы ауданында апатты жағдайда қанша ағаш барын көрсетіп, компанияны жалдап, өз күшімен кесу керек. Сонымен қатар, мектептер мен жеке тұлғалар өздері кеседі», – дейді Алматы қаласы Алмалы ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Думан ҚАПТАҒАЕВ.

Айта кету керек, Алматыда рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі - шамамен 38 мың теңгеден бастап 380 мың теңгеге дейін жетеді. Мұндай заңсыздыққа көбінесе ірі бизнес өкілдері баратын көрінеді. Оған қоса табиғатқа келтірген зиянның орнын толтыру үшін кескен 1 тал орнына 5 көшет отырғызуға міндетті. Қазіргі таңда қалада 2 миллионнан астам жасыл желек бар. Соның ішінде 54 мың ағаш апатты жағдайда деп танылған.

Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров