Алматыда техникалық жөндеу орталығында көлігі өртенген 20 шақты азамат тағы наразылыққа шықты. Олардың сөзінше, жөндеу бекетінің иесі жәбірленушілерден машиналардың қаңқасын алып кетуін талап еткен. Ал сағызша созылған тергеуден қайран жоқ. Өрттің себебі белгісіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Техникалық жөндеу орталығы өртеніп, соның салдарынан 20 шақты машинаның күлі көкке ұшқан болатын.
Қыста жанып кеткен көліктер жөндеу орталығында әлі тұр. Өрттің неден болғаны сол күйі белгісіз дейді зардап шегушілер. Соған қарамастан, орталықтың иесі машиналарды алып тастауды талап етіпті.
Жөндеу орнының қожайыны жәбірленушілерге хабарлама жіберген. Онда станцияға құрылыс жүргізілетіні, сондықтан ішінде тұрған көліктер басқа жерге ауыстырылуы тиіс екені жазылған. Ал миллиондап шығынға батқан темір тұлпар иелері бұған үзілді-кесілді қарсы.
«Әрине, біз қарсымыз. Бұл машиналардың қаңқасын қайда апарамыз? Мұның бәрі заттай айғақ. Сараптаманың нәтижелері түсініксіз. Кім жауап беретін әлі анықталмады. Мұнда тағы сараптама жүргізіледі», – дейді жәбірленуші Елена Николаева.
Бұған дейін бірнеше сараптама жүргізілген. Кінәлілер әлі анықталмапты. Суша сұйылған тергеудің кесірінен іс созбаққа салынып, сотқа жетпей жатыр деп күйінеді көлік жүргізушілері.
«Жыл басынан бері көлік жүрмей тұрса да, салықты бәрібір төледік. Себебі заңдық тұрғыдан талап сондай. «Автоцонға» да бардық. Олар сот шешімі қабылданбай, көлікті қазірше жарамсыз деп тани алмайсыңдар деді», – дейді жәбірленуші Асхат Құлтаев.
Оқи отырыңыз: Жерасты автотұрағында тұрған көліктер өртеніп кетті: тұрғындар күзет қызметіне наразы
Дегенмен жөндеу станциясы қазір жұмысын жалғастырып жатыр. Ал иесін орнынан таба алмадық. Бірақ осындағы жұмысшылар оның тергеушімен сөйлескенін айтып қалды.
Ал қалалық Полиция департаменті техникалық жөндеу орталығының бұл әрекеті заңсыз дейді.
«Орталық қожайынының машиналарды алып тастауды талап етуі – заңсыз. Сараптама жұмыстары аяқталғанша, оқиға орнындағы көліктерді алу мүмкін емес», – деді Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің өкілі Евгений Лысенко.
Жалпы, бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабы 2-бөлімімен іс қозғалған. Ал көлік иелері жауаптылар анықталғанша соңына дейін күресеміз деп бекініп отыр.
Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы