Астаналықтар қара суықта тоңып отыруға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Элиталы тұрғын үй кешені биыл жазда ғана қолданысқа берілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада элиталы тұрғын үй кешенінің тұрғындары қара суықта тоңып отыруға мәжбүр. Құрылысы толық аяқталып, пәтер кілтін жазда ғана алған жұрт, кешеннің орталықтандырылған жылуға қосылмағанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл тұрғын кешені биыл жазда ғана қолданысқа берілген. Сырты бүтін, іші таза деген құрылыс компаниясы қожайындарына суық түспей жылу қосатынын айтып, уәде берген. Сөзге сенген тұрғындар пәтерлеріне жөндеу жұмыстарын жасап тастапты. Енді күн суытқанда машақатын көріп жатырмыз дейді. Кешенде әлі күнге дейін ыстық су мен жылу жоқ. Үйлеріне бірнеше жылытқыш жабдығын алғанымен көмектеспейді екен. Салдарынан балалар бен қарт кісілер ауырып жатыр.

«Біз үйді сатып алдық. Біріншіден, бізге кешіктіріліп берілді. Наурызда берілуі керек болған, бізге шілдеде алдық. Қазір ыстық су, жылу жоқ. 15 қазанда қосып береміз деген. Бірақ олар күнде дүйсенбіге қалдырады. Біздің балаларымыз бір аптадан бері жөтеліп, ауырып жатыр», – деді қала тұрғыны Бөтагөз Смайылова

Мұндағы тұрғындар миллиондаған теңгеге ипотека рәсімдеп, бірнеше миллион теңгеге жөндеу жұмысын жүргізгеніне өкініп отыр.  Айтуларынша, кешенге толығымен коммуникация да жүргізілмеген. Электр энергиясының өзі жиі өшіп қалатын көрінеді. Оның үстіне, қымбат жиһаздары да көгерген. Енді жөндеу жұмысын қайта жүргізуден басқа амал жоқ.  Ал қалалық әкімдіктің ақпарына сай, бұл тұрғын үй кешенін жылуға қосу – құрылыс компаниясының мойнында. Ол өзінің жеке жылу құбырын салуы керек екен.

«Құрылыс компаниясы салып жатқан жылу құбыры 35 пайыз ғана дайын. Сәйкесінше, аталған тұрғын үй кешені қалалық жылу жүйесіне осы құбырды толық салып біткеннен кейін бірақ қосылады», – деді  Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі

Қалалық әкімдік таратқан ақпарға сенсек, салынған жылу құбырын қамтамасыз етуге құрылыс компаниясы жауапты. Ал ол құбыр қашан салынып бітетіні белгісіз. Бір анығы, мыңға жуық пәтер иелері үйлеріне жылу жеткенше дірдектеп, тоңып отыруға мәжбүр. Айта кетейін, Астанадағы ғимараттарға қазан айының басынан бастап жылу беріле бастаған.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Новости партнеров