Алматыда ауқымды іс-шара Kazakhstan HR-Forum-ы өтті. Отандық HR мамандарына Lerna Corp деп аталатын жаңа білім беру платформасы ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір еліміз HR мамандарын даярлауға ден қойған. Себебі бұл мамандық иесі – қызметкерлер мен басшы арасындағы дәнекер. Адам ресурстарын негізге ала отырып жұмыс істейтін мамандар үшін жан-жақты білім алу қашанда маңызды. Осы ретте Lerna әмбебап платформасы қарапайым желі қолданушылары үшін білім беру курстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Онлайн-жүйеде мыңнан астам курс пен бағдарлама бар, бағыты мен бағдары сан түрлі.
– Lerna платформасы қызметкерлерге кез келген уақытта, кез келген жерде білім алып, маңызды һәм сұранысқа ие курстарға қатысуға мүмкіндік береді. Біз ұсынатын өнім өте көп. Шағын курстар да бар. Сондай-ақ компаниялар үшін қажет болса, платформа аясында тест өткізуге болады, – деді Lerna компаниясының HR-директоры Марина Арефьева.
Онлайн платформаның жүйелі жұмысының нәтижесінде ірі компаниялар уақыт пен өзге ресурстарды үнемдей отырып, қызметкерлерін оңай оқыта алады. Ол кадрлардың тұрақты жұмыс істеуін қамтып, мамандарды жаңа бизнес-технологияларға үйретеді. Сондай-ақ платформа жұмысшылардың психологиялық жағдайын жақсартуға көмектеспек. Одан бөлек, онлайн-жүйені пайдаланушылар тек HR емес, IT, онлайн сурет салу, тоқу сынды түрлі саладағы курстарға қатыса алады. Бүгінгі форумда қызметкерлерді басқару саласындағы жетекші сарапшылар тәжірибесін бөлісіп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
– Форум сөзсіз көпшіліктің көңілінен шықты. Түрлі салаға бағытталған іс-шара расымен қызық өтті. Бұл басқосу НR мамандарына қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттырып, психикалық денсаулығын бақылап, сондай-ақ өздерінің дамуына зор мүмкіндік береді, – деді форумға қатысушы Илья Журавлев.
Қатысушылар панельдік сессияларда саладағы өзекті мәселелерді талқылап, халықаралық және отандық сарапшылардың мысалын тыңдады. Сондай-ақ жиын соңында елдегі ең үздік HR мамандар анықталып, марапатқа ие болды. Қатысушылар мен қонақтарға іс-шара демеушілері тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, бүгінгі форум мен Lerna платформасының негізгі мақсаты – онлайн жүйені пайдаланушылар мен форум қонақтарына ақпаратты кең ауқымда жеткізу.
Гүлмарал Изатқызы, Әмина Үсенова, «Алматы» телеарнасы