Алматы облысында жүргізушісі есінен танып басқарусыз қалған автобусты 8-сынып оқушысы тоқтатпағанда, біраз адам қырылып қалар еді. Осылай деген куәгерлер апаттың қалай болғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іле ауданы Қуат шағынауданындағы қоғамдық көлікте отыру жұрттың қорқынышына айналыпты. Қаладан жолаушы таситын 219 автобус аяқасты жол шетіне шығып барып тоқтаған. Қас пен көздің арасында болған жағдайды тұрғындар былай деп баяндайды.
– Бір автобус тоқтамай өтіп кетті. Екі-үш адам күтіп тұрдық. Автобуста адамдар болды. Кішкентай оқушы қыздар отырды. Автобус екі-үш рет көтеріліп барып, соғылды, – деді куәгер Бағдат Тәліпова.
Ал жүргізушісі есінен танып қалғанын байқаған Ақжол Герой автобусты тоқтатып үлгерген. Әйтпегенде жолаушы толы қоғамдық көлік үйлерге соғылар еді. Абырой болғанда ешкім ауыр жарақат алмаған.
– Жүргізуші артқа шайқалып барып, талып қалды. Біраз адам жерге құлап, жылап жатты. Мен жүргізушінің қасына барып қарасам, жүзі қызарып, қорқынышты болып кеткен екен. Оның аяғын газдан алып, тежегішті бастым, – деді 8-сынып оқушысы Ақжол Герой.
– Қасымда бірге жүреді. Екеуіміз бірге көлік жөндейміз. Көріп, біліп үйренгені ғой, – дейді Ақжолдың әкесі Нұрлан Әбенов.
Шағынаудандағы №24 лицейде білім алып жатқан 8-сынып оқушысы адам өмірін ажалдан арашалап қалғанын мақтан тұтады. Мектеп директоры, білім бөлімі арнайы марапаттапты.
– Біздің мектептің жанынан өтетін болғандықтан, автобуспен Қарасу ықшамауданында тұратын оқушылар қатынайды. Енді жүргізушілердің барлығы таңертеңгі сүзгіден өтуі керек, – деді № 24 лицейдің директоры Захида Төреқоджаева.
Қала мен облыс арасында жүретін №219 автобустың жауапты өкілдеріне де барып, жөн сұрадық. Автобус паркі жүргізушінің тексерістен өткенін айтып сендірді. Алайда жауапкершіліктен қашпайтынын мойындайды.
– Бір жағынан кінәміз бар. Дегенмен жүргізуші – адам, ал техниканың аты техника. Қазір істеп тұрған техника аяқасты бұзылып қалуы мүмкін. Адам да бүгін бар, ертең жоқ. Осы жағдайдан кейін жүргізушілердің қан қысымын тексеретін құрал аламыз, – деді «Самат-транс» автобус паркінің директоры Оразбек Сәбденов.
Автобус паркінде осы бағытта жолаушылар тасымалдайтын 16 қоғамдық көлік бар. Руслан есімді жүргізуші бір жылдан бері жұмыс істейді. Дәрігерлердің айтуынша, ол жансақтау бөлімінде жатыр.
– Кеше 1974 жылғы Сағымбеков Руслан сағат 17:32- де ауруханаға жеткізілді. Оның шағымы - жеңіл есеңгіреген, бас ауруы болған. Кеше ота жасадық, – деді Іле аудандық Орталық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Рустам Мүкрейов.
Науқастың ауруханадан қашан айығып шығары белгісіз. Әзірге дәрігерлер бақылауында. Ал жауапты компания жүргізушіге және осы апаттан зардап шеккендер болса, көмек беруге дайын.
Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Тұрар Рысқұлов ауданында 300 орындық мектеп ашылды