Алматыдағы 2 балдық дүмпуді көпшілік сезбеді
Бүгін Алматыда тағы жер сілкінді. Сейсмология институтының дерегінше, зілзала түнгі уақытта тіркелген. Ал ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 273 шақырым жерде, яғни Қытай Халық Республикасының аумағында жатқаны айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы бұл жолғы 2 балдық дүмпу көбіне сезілмеді. Ресми дерек бойынша, жер өткен түнгі сағат 02:38 минут кеткенде сілкінген. Сейсмологтар мұны көрші елдегі зілзаланың әсері, яғни афтершоктар деп түсіндірді. Оның тағы қашан болары белгісіз және алыстағы эпицентрден келетін қуатын алдын ала болжау қиын көрінеді.
– Ол жерде ешқандай сілкініс бекеттері жоқ. Біз ол жерде сілкініс боларын, не болмайтынын болжам жасау этикасы бойынша айта алмаймыз. Шетел территориясына болжам жасалмайды, – деді «Сейсмология институты» ЖШС директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.
Сейсмология институтының өкілдері афтершоктар қайталануы мүмкін дегенді кеше де айтқан. Алаңдауға негіз жоғын мәлімдеді. Тәуелсіз сарапшы да солай дейді.
– Алматылықтарға қорқудың қажеті жоқ. Дүмпулер қайталанған күннің өзінде апат болмайды. Себебі негізгі ошағы 200 шақырымнан астам алыс жерде жатыр. Ештеңе қирап қалмайды, – деді сейсмолог сарапшы Мұхтар Хайдаров
Сарапшылардың айтуынша, өткен түнде қайталанған дүмпуге Қытайдың Шыңжаң аймағында болған жойқын жер сілкінісі себеп болған.
Айта кетсек, онда айтып келмейтін апаттан, соңғы мәліметке сәйкес, кемінде 3 адам қаза тапқан. Дереккөздерге сенсек, зілзала Қазақстан мен Қырғызстан шекарасына жақын таулы аймақта болған.
Шекаралас шетелде болып жатқан жер сілкінісінен, біздің елде де дүмпулер сезілуі мүмкін. Бірақ оған алаңдауға негіз жоқ.
Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Елімізде күшті және жойқын жер сілкінісі бола ма