|
15.03.2024 | 19:36
2269

Өліктің исі шығады: ауыл тұрғындары ешкі фермасын көшіруді талап етті

Аталған мекемеге тұрғындардан 2021-2022 жылы шағым түскен

Өліктің исі шығады: ауыл тұрғындары ешкі фермасын көшіруді талап етті Almaty.tv

«Ауылдағы фермадан өліктің исі шығады». Мұндай мәлімдемені мәселесі жылдар бойы шешілмей келе жатқан кемертоғандықтар айтып, бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қалаға қарыс жер тұрсақ та тазалық атаулыдан адамыз» деген азаматтар, елдімекенге іргелес жатқан ферманың лас жұмысына наразы. Олардың айтуынша, алып кәсіп нысаны кәріз суын ауылға төгіп, малдың ішек-қарнын қалай болса, солай тастай береді екен.

– Терезені ашсаң өліктің иісі шығады. Әртүрлі ауру шығады. Көшіп кете алмаймыз, бес баламды шырылдатып, қайда барамын?  Малдың қи-тезегіне батып, кішкентай сәби қайтыс болған. Бұл кісілер өліктен де қорыққан жоқ, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Жұлдыз Әкімбаева.

– Жеті жастағы бала доп аламын деп батпаққа түсіп кеткен. Олар мектепке бара алмайды. Қабаған ит те қаптап кетті, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Ерболат Қалдыбай.

Бұқара бұл мәселені жергілікті әкімдікке айта-айта шаршаған көрінеді. Өтірік уәдеден әбден көңілі қалған. Талабымыз тыңдалмады деген тұрғындар қаңылтыр қоршаудың арғы жағында ферманың кәріз суын төгетін терең шұңқыры бар деп отыр. Олардың сөзінше, фермадан шыққан қоқысты осында және ауылдың шетіне төгіп кетеді. Сәйкесінше ит-құс ауылға тасып, ауру боламыз ба деп қорқады.

Елдің сөзін екі етпейік деп әлгі кәріз су ағатын жерге өзіміз барып, әуеден де түсіріп алдық. Қоршаудың ішінде демесеңіз, шұңқырдың аузы ашық жатыр. Бетінде қауіпсіздік қақпағы да, белгісі де жоқ. Бұл сауалмен шаруашылыққа да бас сұғып едік, басшымыз жоқ деп, кері қайтарды.

Тұрғындардың талабын тыңдайтын адам таппай, ферманың табалдырығында ұзақ тостық. Кейін көпшілік алдына кешігіп жергілікті әкімнің орынбасары келді. Бірақ одан да жарытып жауап ала алмадық.

– Иә, сотқа беріңіздер. Мен сіздерді көшіріп жібере алмаймын. Қалай жер сатып алғандарыңызды анықтайық Шыны керек, біз шешім қабылдамаймыз. Әкім жиналыста. Енді әрбір адамның арызын қабылдаймыз, – деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Әркен Кенжебай.

Билік өкілі мәселені тездетіп шешуге асықпады. Ал жиналған жұрт учаскелік полицияны шақырып, ешкі фермасына арызын жазды. Бірақ шаруашылық қожайыны халық алдына сол күйі келмеді.

Аталған мекемеге тұрғындардан 2021-2022 жылдары шағым түскен. Сол бойынша тексеріс те жүріпті.

– Ауаның құрамындағы аммиакқа, күкіртсутегіне зертханалық тексеру жүргізді. Хаттама нәтижелері бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін көрсеткіштер анықталған жоқ. Ары қарай өз тараптарынан қарау үшін өтініш аудандық ветеринарлық станцияға және инспекцияға жөнелтілді, – деді Қарасай аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айгүл Сатыбекова.

Күн санап үй түсіп жатқан Кемертоған ауылы әне-міне ешкі фермасының есігіне үңілердей тығыз орналасып барады. Алайда ауыл адамдарының арызы қашан тыңдалары белгісіз. Жергілікті әкімдік мәселені шешуге қауһарсыз болса, халық соңына дейін барымыз деп бекініп отыр.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұлытау облысына қарасты тас жолды су шайып, адамдар жолда қалды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир