Алматы облысында бір түнде 64 жерде жарық үзілген. Барлық ауданында электр желісінен ақау шығып, ауылдар тас қараңғыда отырды. Кей жерде тіпті қосалқы стансадағы құрылғылар жанып кетіп, елдің есін алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Талғар ауданындағы қосалқы стансадан шыққан ақау қараңғы аспанды осылай жарқыратты. Елдің үрейін алған құбылысқа стансадағы тоқ сымдарының тұйықталуы себеп болған. Бірақ тұрғындар кешегі оқиғадан кейін жайт қайта қайталана ма деп сескеніп отыр. Тоқ сымдары ескі болған соң, ол тұрмыстық техниканың қуатына да шыдамайтын көрінеді.
– Теледидар, тоңазытқыш күйіп кетсе, ешкім жауап бермейді. Жарық сағат 22:00-де жанды. Ал қазір біресе жанады, біресе өшеді, – деді Шымбұлақ ауылының тұрғыны Гүлбану Қазақбай.
– Электр жарығы сөнген кезде, үй салқындап кетеді. Трансформатор жанып кетті. Зәреміз ұшып, барлық затты тоқтан ажыратып тастадық, – деді Шымбұлақ ауылының тұрғыны Роза Ұзақбаева.
Ал стансаға жауапты компания өкілдері елді алаңдамауға шақырды. Олардың айтуынша, оқиғадан кейін құрылғылар 10 сағатта ретке келтіріліп, барлық электр желісі тексерілген. Олар жағдай қайталанбайтынына сенімді.
– Апаттың себебін анықтау мақсатында компания пәрменімен арнайы комиссия құрылады. Олар 10 күн ішінде жауабын беруі тиіс. Талғар ауданындағы стансада трансформатор өртенбеген. Мұнда тоқ сымдары тұйықталған. Елді шошытқан сәулелер содан шыққан, – деді «Алатау жарық компаниясы» АҚ облыстық басқарма басшысы Нұрділлә Әбілқасымов.
Кеше кешкі уақытта жарық Талғарда ғана емес, Алматы облысы бойынша 64 жерде өшті. Мамандар мұны боранмен байланыстырады. Ауа райы салдарынан көбіне шалғай ауылдардағы электр желілеріне зақым келген. Жауапты компания өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары таңға дейін жүргізілген.
Оразай Нұртайұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ұлытау облысына қарасты тас жолды су шайып, адамдар жолда қалды