|
20.01.2023 | 20:32
5594

Тілсіз жау: Алматы облысында өрттен зардап шеккен отбасы далада қалды

Өрт 16 қаңтарда болған

Тілсіз жау: Алматы облысында өрттен зардап шеккен отбасы далада қалды Almaty.tv

Алматы облысында бүтін бір отбасы өрттен зардап шегіп, көптен көмек сұрайды. Тілсіз жаудан түгі қалмаған үйде бұған дейін 7 адам тұрған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өрт 16 қаңтарда болған. Арада 4 күн өтсе де үйдің орны әлі түтіндеп тұр. Жылынайық деп газ баллонын қосқан отбасы «айналдырған 10 минутта айналада түк қалмай, баспанамыздың күлі көкке ұшты» дейді.

«Бәрі өртеніп кетті. Ештеңе қалған жоқ, құжаттар да жанып кетті. Құран Кітап пен жолдасымның белдігі қалған», – деді зардап шеккен азамат.

Өрт басталғанда кішкентай бала бөлмеде ұйықтап жатқан. Үйдің басқа бөлігінен өту мүмкін болмағандықтан, келін баланы терезеден тысқа лақтырыпты. Айналасы оншақты минуттың ішінде азаматтар далаға шығып үлгереді. Сол сәтте екінші рет жарылыс болған. Қариясы бар қазыналы отбасы апат болған күні қарияның үйде болмағанына қуанады.

«Үлкен балам балонды тастамады. Қолына жабысып қалды. Өрт тұтнып, перде, кілем, дастархан жанып кетті», – деді Дана Төлепова.

Отбасына оңай емес. Баллоннан қолын алып үлгермеген үлкен ұл 3-дәрежелі күйікпен ауруханада жатыр. Бар байлығым - балаларым деп сабыр қылған отағасы кірпішін жалғыз қалап, шатырын өзім жапқан.

«Үйді каркас, кірпіш не бар, содан тұрғызу мақсат болды ғой. Өзім салдым,  Алла берді, Алла алды, болды. Алла бергенінен қыспасын», – деді  үйдің иесі Ержан Төлепов.

Исі қазақтың айтып келмейтін апатта жылу жинайтыны бар. Дәстүр жолымен көрші-қолаң, ағайын да қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр.

«Көрші туысқаннан артық» деп жатады ғой, оларды қайда жіберем? Өзім 5 баламен пәтер жалдап тұрсам да, осында тұр дедім. Әйтеуір, жол жасады, кімге көмек керек, қолұшын беретін. Жақында ауылда тағы өрт болды. Сол кісіге аға қомақты ақша аударып, көп жақсылық жасаған кісі еді», – деді көршісі Марина Қонақбаева.

«Әкімдіктен азық-түлік, керекті заттарын 65 мың теңгеге алып бергенбіз. Кеше 1 тонна көмір түсірдік. Құжаттарының өртеніп кеткенінен хабардармыз. Біз жеке бас құжатын алуға көмектесеміз», – деді Қараой ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Төлеев.

«Газ баллоны жарылғанда аман қалудан басқасы маңызды болмады» дейді отбасы. Құжаттар, киімдер, жаңадан ғана сатып алынған техника да күлге айналды. Қысқасы, қыстың көзі қырауда қылар амал болмай тұр. Ел-жұртқа, ағайынға арқа сүйейін деген азаматтың айтуынша, бастысы - бастың амандығы.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир