Алматыда ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және ерекше балаларға спорттық бұйымдар табысталды

almaty.tv
almaty.tv
Қайырымдылық шарасы аясында бес мекеме таңдалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы марафон» ұйымдастырушылары ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және ерекше қажеттілігі бар балаларға арнап түрлі спорттық бұйымдарды табыстауда. Қайырымдылық шарасы аясында бес мекеме таңдалған. Жақсылық жасауға құмар жомарт жандардың игі ісі жайлы Almaty.tv тілшісі бейнематериалында.

Алматыдағы оңалту орталықтарының бірінде сенсорлық интеграцияға арналған құрал-жабдықтар қолданысқа берілді. Мұнда балалар емдік шара аясында түрлі жаттығулар жасайды. Бұл – олардың денсаулығын нығайтуға үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Екатерина Салимгиреева он жылдан бері ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейді. Кез келген баланың қалыпты өмір сүруі үшін алуан түрлі жұмыстар жүргізетін мекеме үшін «Үкі үйі» деп аталатын бұл бөлменің маңызы зор. Мұнда баланың вестибулярлық аппаратын дамытуға, зейiнiн шоғырландыруға, қимыл-қозғалысын жетiлдiруге, сондай-ақ, кɵзi мен қолының қозғалысын игеруге бағытталған жаттығуларды жасауға болады. Орталық жетекшісі «Алматы марафон» ұйымдастырушылары мен игі іске үлес қосқан қайырымды спортшыларға алғысын жеткізді.

«Мен «Алматы марафонға» шын кɵңiлден зор алғысымды бiлдiргiм келедi. Марафон шаралары тек баланың оңалуына ғана мүмкiндiк бермейдi, балалардың жаңа жағдайда ɵз денесiн ɵзi игерiп, ɵз бетiмен дене мүшелерiн қозғалтып, қажетiне бейiмдеуiне де жағдай туғызады. Барша ата-аналар мен балалардың атынан осы ұйымға және үлес қосқан әрбір қатысушыға рақмет айтам», – деді оңалту орталығының жетекшісі Екатерина Салимгиреева.

Ұйымдастырушылар жыл сайын «балалар және спорт» қағидасы бойынша көмек көрсететін мекемелерге таңдау жасайды. Марафонға қатысатын спортшылардың саны артқан сайын, қайырымдылыққа жұмсалатын қаражат көлемі де ұлғаяды. Биылғы сомма – 35 миллион теңге болған. Оған 5 мекемеде спорт алаңдарын салу жоспарланған. Бүгінде оның үшеуі қолданысқа берілді. Тағы екеуінің құрылыс жұмыстары қазан айына дейін аяқталмақ.

«Біз, қайырымдылық жобаларды таңдайтын себебіміз – осы жетім немесе ерекше қажеттілігі бар балалар оқитын немесе тұратын мекемелер. Жалпы, болашақта жарыстарымыз болып жатса, 2021 жылғы алматы марафонымыз осындай қайырымдылық жобаларымызды көбейтеміз деген жоспарларымыз бар», – деді «Бірінші болу – батылдық» КҚ операционды директоры Иса Қалқа.

«Алматы марафоны» тоғыз жылдан бері тіркеу жарналарынан түскен қаражаттың бір бөлігін қайырымдылық мақсаттарына жұмсайды. Биыл әлемді жайлаған індетке байланысты сәуір айында өтуге тиіс жүгіру сайысы болмаса да, ұйымдастырушылар игі істі тоқтатпауды ұйғарыпты.  

Жанар Ғаниқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров