Ош қаласы 2019 жылғы түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жарияланды

Ош қаласы 2019 жылғы түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жарияланды
Бұған дейін бұл мәртебеге Түркістан ие болған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қырғыз елінің Бішкектен кейінгі ірі қаласы – Ош күллі түркі жұртынан жиналған делегаттарды қабылдап, бабасынан қалған бай асыл-мұраттарын көрсетуге үш ай дайындалған.

Түркі халықтарына ортақ мереке Ош қаласындағы Жастар саябағында өзгеше сән-салтанатпен басталды. Әжелер қазанда бір тәулік қайнаған қырғыз халқының ұлттық асы саналатын Сүмөлөктен ауыз тигізді.

Жиында түбі бір түркі жұртын қалай жақындастырудың жолдары талқыланып, Ош қаласының өзіндік ерекшелігі таныстырылды.

«Ош баяғыдан бүгінгі күнге дейін өте маңызды шаһар болып саналады. Өйткені ол географиялық, сауда-экономикалық жағынан өте ыңғайлы жерде орналасқан. Ош арқылы екі бағытқа еркін қатынауға болады: бір жағынан – Нарын арқылы Шығыс Түркістанға, екінші жағынан Алтай арқылы Қашқарға шығуға болады. Сонымен қатар, Ферғана, Бұқара, Самарқан, Қазақстан арқылы Еуропаға жетуге болатын жол бар», - деді тарих ғылымдарының докторы Байболат АБЫТОВ.

Ош қаласының символына айналған Сүлейман тауының етегінде түркі халықтарының ұлттық музыкасы шырқалды. «Түркі әлемінің этно-мәдени фестивалі» атты шарада әр ел өз өнерін көрсетті. Жиналған жұрт бір сәт тек қырғыз ғана емес, тыва, моңғол, башқұрт, якут, қарашай, қалпақ, алтай, хакас сынды ұлттардың ортасына тап болғандай күй кешті. Осыдан 2 жыл бұрын түркі әлемінің жиынын Түркістанда өткізген қазақтар да ұлттық дәстүрін дәріптеуден аянып қалған жоқ еді.

Түркі халықтарының мәдениетімен танысу шарасынан соң түбі бір туыс халықтар 4 шақырымдық шеру өткізді. Жиын Ахматбек Сюнбаев атындағы орталық стадионда жалғасты. 12 мық адамдық стадионда қырғыздар көшпенді кезеңнің кереметін көрсетті. Түркі халықтар арасындағы татулықты ту етіп, бірлікті бекемдеуді мақсат тұтқан шараға Қырғыз Республикасының президенті Сооронбой Жээнбеков те арнайы қатысты.

«Мәдениеттің басты миссиясы – адамдардың рухани байлығын, гуманизм идеяларын, тыныштық пен бірлікті, толеранттылықты сақтап қалу. Біз мейрамға келген барлық өнер адамдарына, алыс-жақынан келген ардақты меймандарымызға зор алғыс білдіреміз. Ош қаласын түрік дүниесінің мәдени астанасы ретінде ашық деп жариялаймын», - деді жиында сөз сөйлеген Сооронбай ЖЭЭНБЕКОВ.

2012 жылдан бері «Түрксой» халықаралық ұйымы ұйымдастырып келе жатқан бұл жоба бойынша осыған дейін 7 қала түркі дүниесінің мәдени астанасы атанған. Олардың қатарында Қазақстанның екі қаласы да бар.

«Қазақстанда Елбасымыздың бағдарламасына сәйкес көп іс-шаралар өтті. Соның ішінде Мағжан Жұмабайұлының мерейтойын түгел түркі дүниесі тойладық. Ол кісілердің кезінде айтқан өсиеттеріне біздің қолымыз бүгін ғана жетіп отыр. Олар осыдан жүз жыл бұрын «Түркілер біріксе ғана біз арманымызға қол жеткіземіз» деген», – дейді «Түрксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ.

Ош қаласындағы мәдени шаралар легі бірнеше күндік саммит, фестивальмен бітпейді. Жыл соңына дейін Халықаралық деңгейде 25-ке жуық ірі шара өткізу жоспарланған. Балқан түбегі мен Алтай арасын жайлаған жұрттың басын қосып, ірі шаралар өткізудің пайдасы қаланың мәртебесі көтеріліп, туристерді қызықтырады. Оған 2017 жылы түркі дүниесінің мәдени астанасы атанған Түркістан дәлел бола алады.

Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Ошта қырғыз халқының рухани дүниесі 4 күн әспеттелді. Үш мың жылдық тарихы бар айырқалпақты ағайын алты елден келген делегация мен ЮНЕСКО-ның басшыларын барынша күтіп-бақты. Алдағы жылы түркі әлемінің рухани астанасы Өзбекстанның Хиуа болады.

Әмірболат Құсайынов, Ялкунжан Әшіжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров