Жақынынан опық жеген тұрғын мүлкінен айырылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жақын туыстары мүгедектігі бар азаматтың мүддесін қорғау үшін шырылдап жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құзырлы органдар соңғы уақытта кәмелет жасына толмағандар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды алдап, айласын асыратын қаскүнемдер көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағуда. Редакциямызға жақынынан опық жеп, мүлкінен айырылған отбасы хабарласып, көмек сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Аңқау елге арамза молда» кейпіне енген алаяқтардың араны күн санап ашылып барады. Алдап-арбаумен табыс табатындар өзгені қойып, өз туыстарына шыққан. Александр Губин туа біткеннен ақыл-ойдың кемдігі, олигофрения дертіне шалдыққан. Бұл аурудың салдарынан адам есі, назар аударуы, сөйлеуі, психикалық әрекеттерінде тежелу байқалады. Сұмдық жайт Губиннің ағасы дүниеден өткен соң басталған. Үш айдан соң марқұм бауырының келіншегі Губиннің мүшкіл жағдайын пайдаланып, теріс пиғылын іске асыру үшін қайын інісімен некеге тұрып, атындағы мүлігін иемденіп алған көрінеді.

– Марқұм ағамыз қайтыс болғаннан кейін оның әйелі 3 айдан соң ортаңғы ағамызбен некеге тұрады. Оның жағдайын жақсы білетін, ой-жүйесі, еске сақтау қабілеті өте нашар.  Туғаннан есепте тұр. Біз өте ашулымыз, оның мүгедектігін қолданып, осындай әрекетке барып отыр. Мұрагерлікпен қалған баспананы сатып жіберген, – деді жәбірленушінің інісі Григорий Губин.

Мүгедектігі бар азаматтың мүддесін қорғау үшін жақын туыстары шырылдап жүр. Үш ағайынды азаматтың кенжесі, Григорий Губин бұрынғы жеңгесінің қым-қуыт тірлігін білген бетте құзырлы органдарға шағымданған. Түрксіб ауданының прокуратурасы физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты дербес әрекет ете алмайтын азаматтың құқығын қорғау мақсатында бірден сотқа арыз беріп, некені заңды түрде бұзған.

– Заңсыз неке қиылғаны анықталды. Осы жағдай бойынша прокуратура тарапынан талап-арыз беріліп, сотпен қанағаттандырылды. Қазіргі таңда Губинге келтірілген залал, жалпы оның пәтері сатылып кеткен.  Ал Духноның заңсыз әрекеттеріне байланысты полиция органдарымен шешім қабылданады. Алматы қаласында қара риелторлар деген топтар, азаматтардың заңсыз әрекеттері көп өршуде. Біз мүгедек жандар және кемтар азаматтардың, жасөспірім баланың барлығын тексереміз, – деді Түрксіб ауданы прокурорының орынбасары Құралбек Шойбеков.

Бір әулетті тақырға отырғызғысы келген кісінің әрекетіне қатысты тексеріс жүргізіледі. Ал әйел заңсыз иемденіп, сатып жіберген мүлікті қайтару үшін сотқа өтініш жіберіліп, тиісті сараптама тағайындалған. Прокуратураның мәліметінше, алаяқтық қылмысын анықтау үшін күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, «Алматы телеарнасы

Оқи отырыңыз: Балалар дәретханада ұрды: Астанада мектеп оқушысы терезеден секірді

Новости партнеров