Алматыдағы көктайғақ салдарынан жүзден астам тұрғын жарақат алған

Алматыдағы көктайғақ салдарынан жүзден астам тұрғын жарақат алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жедел жәрдемге тәулік ішінде көктайғақта тайып жығылған 100-ге жуық адам хабарласты. Дәрігерлер бұл биылғы жылдың рекордтық көрсеткіші деп отыр. Ал қаланы тазалайтын мамандар жауған қар көлемі қалың емес дейді. Көшелерді ақ ұлпадан аршу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Алматыда кешеден бері толассыз жауған жауынның арты қарға ұласып, көше көктайғақ болып жатыр. Ал жедел жәрдемнің колл-орталығынла тыным жоқ. Бұл жолы жарақат алғандар саны анағұрлым көп дейді жедел жәрдем дәрігерлері. Себебі, қыстың қалыпты күнінде шамамен, 15 адам тайып құлап, көмекке жүгінетін деп отыр. Көбіне шақыртулар халық үйге қайтқан уақытта көбейеді екен.

«Кеше жедел жәрдемге түстен кейін 96 адам хабарласты. Оның 92-сін ауруханаға жеткіздік. Көп жағдайда қол, аяқ, білек, құйымшақ және шалқалай құлаған кезде бас миының шайқалу жағдайлары кездесті. Көбі жұмыстан қайқан кезде тайып кетіп, жұмысымыз қауырт болды», – дейді Алматы қаласы Медициналық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Александр ЛАЗАРЕВ.

Ал Алматыдағы бір ғана орталық қалалық клиникалық ауруханасына тәулік ішінде мұзда жығылған 110-нан астам келген. Оның 36-сы жедел жәрдем арқылы, қалғаны медициналық мекемеге өздері жүгініпті. Оларға гипс салынып, тиісті көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілген. Көктайғақта тайған 5 адамның алған жарақаты ауыр болғандықтан, ауруханаға жатқызылды. Қазір қала дәрігерлері шұғыл режимге көшкен.

«Денсаулық сақтау басқармасының қала тұрғындарына ауа райының құбылуына орай, сақ жүру керектігін ескертеді. Асықпай, абайлап жүрмесе, қар астындағы мұз көрінбейді жатады. Сондықтан адамдар аяқасты тайып құлап, жарақат алып жатыр», – деді Алматы қаласы Орталық қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі айбек ХАМИТЖАНОВ.

«Емханадан үйге қарай келе жатқанмын. Ойламаған жерден аяғым тайып, жерге құлап түстім. Мейірімді жандар жанымдағы сауда орталықтарының біріндегі медпунктіге әкеліп, жедел жәрдем шақыртты. Абай болыңыздар деймін. Асықпай жүру керек», – дейді тұрғындардың бірі Рита ЗОБНИНА.

Алматыға 2 тәулік ішінде 15 сантиметр, таулы аймақтарға 30 сантиметр қар жауды дейді коммуналдық қызметтің өкілдері. Қазір халықтың қауіпсіздігі үшін қар тазалау кезінде тротуарларға, жүргіншілер жолына, аялдамаларға аса мән беріліп отыр. Күндіз-түні тынбай, 43 кіші габаритті техника және щеткасы бар 160 трактор Алматы көшелерін ақұлпадан арылтып жатыр. Сондай-ақ, қысқы мерзімге жолды тазалау үшін 3 мыңға жуық жұмысшы алынды. Қала аумағына 7 мың тоннадан астам арнайы құм себілді.

«Назарбаев, Абай, Абылай хан даңғылдарында 13 тазалау және 16 қар жинайтын техника жұмыс істеп жатыр. Панфилов, Қабанбай батыр, Гоголь, Жібек жолы көшелеріне 60 шақты жұмысшы жұмылдырылды. Қоғамдық көлікке басымдық берген Тимирязев көшесіне 45 жол жұмысшысы, 25 техника жіберілді», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бас маманы Александр СЕРГЕЕВ.

Арнайы техника мен жұмысшылар күндіз түні тынбай, ауысыммен жұмыс істейді. Тазалауды жылдам істеу үшін бар жағдай жасалған дейді қала әкімдігі.


Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров