Бес ел арасындағы бизнестің кедергілерін жоюға күш салынады – Сағынтаев

Бес ел арасындағы бизнестің кедергілерін жоюға күш салынады – Сағынтаев
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бес елдің Үкімет басшылары бүгін Алматыда өткен басқосуда ЕАЭО аясындағы біраз түйткілге тоқталып, маңызды құжаттарға қол қойды. Қауырт қызметке кіріскен премьер-министрлер күні бойы 15 сұрақты егжей-тегжейлі талқылады. Бірақ оның тек бесеуін ғана ашық отырыста көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеңесте Одаққа мүше елдердің интеграциялық ынтымақтастығы, мемлекеттер арасында өзара сауда-саттықты кеңейту, ішкі нарықтың жұмыс істеуі үшін кедергілерді жою, сондай-ақ экономиканың жекелеген секторларын дамытуға ерекше назар аударылды.  

«Былтырғы жылдың аяғында ауқымды жұмыстар атқарып, бірқатар кедергіні жойдық. Бұл қарқынымызды ары қарай жалғастырамыз. Өткен кездесуде газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру бағдарламалары бекітілді. Сондай-ақ, интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларация қабылданды. Енді осы жылы да жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп нық сеніммен айтамын. Әсіресе, бес ел арасында бизнестің кедергілерін жоюға күш саламыз», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Келелі жиында бірнеше жыл бойы жүзеге асырылған теңіз арқылы жүк тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Маңызды құжат Еуразиялық экономикалық Одақ аясындағы шартқа сәйкес әзірленген. Бұл өз кезегінде бірыңғай көлік кеңістігін құруға және су көлігі саласында қызмет көрсетудің ортақ нарығын құруға бағытталмақ. Сондай-ақ, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте осыған дейінгі кездесулерде көтерілген тапсырмалардың орындалуы қарастырылды. Атап айтқанда, Одақ аумағына кедендік тауарлардың жекелеген түрлерін әкелуде тарифтен босату, қазақстандық көмір экспорттаушыларының тауарын Ресейдің теңіз порттарынан кедергісіз өтуді жүзеге асыру. Бұдан бөлек, кеңесте алкоголь нарығын реттеу туралы келісімнің жобасын әзірлеу ұсынылды.

Новости партнеров