Алматыдағы трамвай паркінің орны әлі де ойсырап тұр. 8 жыл бұрын жұмысын тоқтатқан депо негізгі жоспарға сәйкес саябақ салынуы тиіс еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Ару Алматы дегенде елдің еске алар көп жауһарының бірі – трамвай еді. 1937 жылы жұмысын бастап, 80 жылға жуық тұрғын тасымалдаған трамвай қазір қараусыз қалған тарихи жәдігер ғана.
Ал сол қоғамдық көлікке тұрақ болған алаң қазір қирандыға айналған. 2015 жылдан бері мұнда ештеңе тұрғызылған жоқ. Ал бір кездері депоның негізгі ғимараты болған мекемеде қазір мемлекеттік, коммерциялық және қайырымдылық қорларының кеңсесі орналасыпты.
«Халыққа демалыс орнын ашамыз» деді. 2015 жылдан бері 8 жылда ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Мен әрине, қоғамдық көліктің қайта жүргенін қалаймын. Өйткені, трамвай Қазақстан бойынша екі-ақ қалада», – деді қала тұрғыны Азиза Асылханқызы
«Трамвайды қайтарса, керемет болар еді. Оны қайтара ма, қайтармай ма, белгісіз ғой. Ең болмаса, саябақ салса жақсы болар еді. Тұрғын үй көп салынған. Студенттік жатақхана көп. Олар саябаққа барып отырады, демалады. Студенттерге де отыратын жер жоқ», – деді қала тұрғыны Бибігүл Қалдыбаева
Әкімдіктен алған ақпарға сүйенсек, деподағы трамвайлар Өскемен қаласына жөнелтілген екен. Ал алаңда осыдан 6 жыл бұрын амфитеатр, саябақ және жастарға арналған лофт-орталық бой көтереді делінген. Бардық, көрдік. Маңдайшада «2019 жылы аяқталады» деп көрсетілген құрылыс әлі басталмаған. Қалалық басқарма мұның себебін мердігерлердің әуелгі жоспардан айнып қалғанымен түсіндірді. Кейіннен пандемия әсер етіп, депо аумағындағы құрылыс мүлдем тоқтапты.
«Креативті кластер болады. Ол кластердің ішінде үлкен коворкинг орталықтар, жастарға арналған орындар, заманауи зертханалар, конференц залдар, янғи креатив саласындағы кісілерге толық мүмкіндік жасалады. Сондықтан, қазіргі кезде жобалық-сметалық жұмыстарды түзету жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша, 2024 жылы құрылыс аяқталуы тиіс», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бас маманы Рауан Есіркенов
Әзірге аталған жоба қағаз жүзінде ғана. Мамандар құрылыстың басталу мерзімін нақты айта алмады. Бұл тұста «Төле би көшесінің бойындағы трамвай рельстері неге әлі алынбай тұр?» деген заңды сұрақ туады.
«2024 жылға дейін біз ЛРТ бойынша тиісті сметалық құжаттарды тапсырамыз. Одан кейін бюджет бекітіледі. Әзірге нақты цифрды атай алмаймын, себебі құжат әлі де дайындалып жатыр. Бірақ Алматыда жеңіл рельсті транспорт жобасы жүзеге асады. Бұл – нақты», – деді Жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің жетекшісі Айдос Желдікбаев.
Демек, Төле би көшесіндегі трамвай рельсі ЛРТ салынғанда ғана алынады. Ал қазір қиранды боп жатқан депоның жалпы аумағы - 21 мың шаршы метр. Мұндағы құрылыстың нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Мадина Оқас, Ернат Болатбек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы