|
07.06.2023 | 20:38
5696

Пәтер дауы: Атырауда миллиондап қаржы салған салымшылар далада қалды

Қазір полиция департаменті бұл іске қатысты екі бірдей баппен іс қозғаған

Пәтер дауы: Атырауда миллиондап қаржы салған салымшылар далада қалды Almaty.tv

Атыраудағы 4 бірдей тұрғын үй кешеніне миллиондап қаржы салған салымшылар далада қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуларынша, бағасы қолжетімді баспанаға жеттік дегенде сан соғып қалған. Жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп шаршаған жұрт енді бұл іске құзырлы органдардың араласуын сұрап отыр. Ала таңмен сату бөлімінің алдына жиналған көпшілік үйге салған ақшамызды қайтарсын деп талап қойды.

Жиналған 50-дей адам осыдан 2 жыл бұрын қаланың қақ ортасынан баспана алған. Көбі 2-3 бөлмелі пәтерге 30-40 млн қаржысын құйыпты. Салымшылар жарнамасы жер жарған тұрғын үй кешенінің арзан бағада сатылып жатқанына қызыққандарын айтады. Алайда көпшіліктің қуанышы көпке созылмады. Өйткені мерзімі жетіп тұрған пәтерлер пайдалануға берілмей келген. Әне-міне береді деп жұбатқан кооператив иелері ақыры жұртты сан соқтырыпты. Енді не ақша, не үй жоқ деген жұрт «далада қалдық» деп зар илеп отыр.

«Арзан бағада сатылып жатқан соң осы пәтерді алдым. Әлі күнге дейін далада жүрмін, не үй жоқ, не ақша жоқ. Жылдар бойы баспанаға деп ақша жинағанмын, соны қайтарып беріп, алаяқтар ұсталсын», – дейді салымшы Айнұр Исатай.

«Пәтерлерін ала алмай жүргенғ жағдайы жоқ, көпбалалы аналар бар. Үйдің шаршы метрі шамамен 130 мың теңге деген соң, барлығымыз алдық. Ал қазір инфляция өсіп жатыр. Біз мына процесті күте берсек, үй түгілі, сол ақшаға кішкентай сарай да ала алмаймыз. Бізге ақшаны қайтарсын», – деді салымшы Амандық Сағындық.

Салымшылардың мұңын тыңдауға әкімдік өкілдері де келді. Олардың айтуынша, тұрғын үй кешенін салуға әу баста рұқсат берілмеген. Әрі құжаттарында да шикілік болған. Кейіннен бұл шаруаға прокуратура араласып, 2020 жылы жауаптылар заңсыз құрылысты тоқтатып тастаған екен.

«Аталған құрылыс кешенінде рұқсат құжаттары жоқ. Мемлекеттік құрылыс басқармасына құрылыс монтаж жұмыстарының басталғандығы туралы хабарлама жолдамаған. Алайда облыстық прокуратурасының ұсынысы бойынша аталған құрылыстарға ӘҚБ туралы кодекске сәйкес, жауапкершілікке тартылып, құрылыс тоқтатылды. Сот қаулысы бар. Тұрғындарға сот ісі біткенше, қаулы шыққанша күту керек», – дейді Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс испекциясы бөлімінің басшысы Рүстем Мәкібаев.

Қазір полиция департаменті бұл іске қатысты екі бірдей баппен іс қозғаған. Әзірге жұртты сан соқтырған 4 бірдей тұрғын үй кешені кооперативінің тек бір басшысы ғана ұсталған.

«4 кооперативке қатысты тергеу амалдары ҚК 190-бабы 3-бөлігімен ,85-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бір күдікті қамауда. Сондай-ақ аталған тергеу барысында 9 күрделі сараптама тағайындалған. Қазіргі таңда тергеу басқармасының мәліметіне сәйкес, тергеу амалдары аяқталуға жақын. Осы мәселеге байланысты 200-ге жуық арыз түскен. Тергеу өткен жылы басталды», – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Үйсіз, күйсіз, далада қалған көпшілік құзырлы органдар мәселемізді шешіп береді деген сенімде. Егер бұл жолы ақшамыз қайтарылмаса, Бас прокуратураға дейін барамыз деп бекініп отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 700 гектар шаруашылық аумақты зиянкестер отап тастаған

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир