Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған шаруаның жайына қанықты

Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған шаруаның жайына қанықты
Тұрғындар қала әкіміне алғыс айтып, ризашылық білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жол жоқ. Газ мәселесі. Балабақша ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет». Бұл - күні кеше ғана Алмалы ауданы тұрғындарының шаһар басшысымен болған кездесулерінде көтерілген түйткілдер. Бүгінде олардың бірқатары орындалып, нәтижесінде еркін микрофон форматындағы жиындар халық тарапынан ыстық ықыласқа ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Біздің көшеде 5-6 жылдан бері газ бар. Бұрышта 4 отбасы ғана қалып қойдық. Төртеуміз де зейнеткерміз. Бізге газ қосылған  жоқ», - деді бір тұрғын.

Осы кездесуден кейін Алмалы ауданы тұрғындарын алаңдатқан бірқатар мәселелер көп ұзамай шешімін тапты. Қаланың энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, орталық газ құбырының құрылыс жұмыстарын Курильская көшесіндегі №45 үйге дейін созды.

«Мен Бақытжан Сағынтаевтың жиналысына қатыстым. Сол кісіден біздің көшеде газ бар 5-6 жыл болды. Біздің үйде газ жоқ. Енді сізден үлкен көмек күтемін деп өтіндім. Ол кісі «иә, біз сізге көмектесеміз» деді. Содан кейін көп кешікпей газ кірді. Үйім қазір жылы, рахмет айтқалы келдім», - деді келесі бір тұрғын.

«Чайковский көшесінің Қарасай батыр мен Бөгенбай батыр арасындағы бөлігі дәл қазір сұмдық жағдайда. Ол жақ қаланың қақ ортасы емес, бейне бір зауыттың өндірістік зауыттың ауласы секілді. Жаяу жүре алмайсың, аяқ алып жүретін жер жоқ», - деді келесі бір тұрғын.

Тұрғындардың басым бөлігін жөнделмей жатқан жаяужол мәселесі мазалаған болатын. Бұл ретте бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде Қарасай батыр мен Бөгенбай батыр көшелерінің арасын қамтитын Чайковский көшесіндегі жаяужол құрылысы аяқталды.

«Айтылған жерде тротуар пайда болды. Бізге де жүруге ыңғайлы. Ал, бұрын бұл жерлерде автокөліктер тұрақ қылып тастаған еді. Қазір енді ыңғайлы, біз өз жолымызбен жүреміз, ал көліктер өз жолында тұрады. Рақмет», - деді бір тұрғын.  

«Бізге балабақшамыз ұнайды. Тәрбиешілері де жақсы. Бірақ ата-аналар осы балабақша ғимараты мен ауласына қашан күрделі жөндеу жүргізілетінін білгісі келеді», - деді бір тұрғын.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі жағдай да түзелді. Сол жылдың желтоқсан айында №30 балабақшада 3 топқа күрделі жөндеу жасалып, аймақты қоршау, абаттандыру бойынша жұмыстар аяқталды.  

«Тамыз айында болған қала әкімінің кездесуінде осы балабақшамыздың ата-аналар атынан ұсыныс жасаған едік: осы балабақша ғимаратына жөндеу жасасаңыздар. Қазіргі таңда осы ұсынысымызды елеусіз қалдырмай ғимараты мен ауласына жөндеу жасап бергені үшін үлкен алғысымызды білдіреміз», - деді тұрғындар.

Арнат Дүйсен, Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров