«Мәйіттердің үстінен аттап өтуге мәжбүр болдық». Газа секторынан елге эвакуацияланған отандастарымыз осылай дейді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Сыртқы істер министрлігі қауіпті аймақтағы қазақстандықтарды отанына қайтаруды жүзеге асырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Газа секторында қалып қойған 99 жолаушы – Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері елге оралды.
17 қарашада Алматыға арнайы эвакуациялық бортпен жүздеген адам жетті. Олар елге оралғанына қуанышын жасырмады.
Азаматтардың Палестинаға бару себебі әртүрлі. Мәселен отандасымыз Елена Абухашиш Газада 15 жылдан бері тұрған. Жесір әйел 3 баласымен елге оралды.
– Мәйіттердің үстінен аттап өтуге мәжбүр болдық. Жапа шеккендердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Менің жақын құрбым қызымен бірге қаза тапты. Ол жақта мәйіттер тазартылып жатқан жоқ. Иттерге таланып жатыр деуге болады. Балалардың көзін жауып жүрдім. Елшілікке алғысым шексіз, - дейді Қазақстан азаматы Елена Абухашиш.
Ал алты баланың анасы Ұлболсын шекарада қауіпсіз аймақта болғанын айтады.
– 2023 жылдың мамырында Палестина еліне қонаққа бардық. Осындай жағдай болып кетті. Қазақстанның Мысырдағы елшілігі біздің қауіпсіздігімізге көмектесті, - дейді Қазақстан азаматы Ұлболсын Абу Алдьждиан.
Сәтті іске асырылған эвакуация жұмысы Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Мысырдағы елшіліктерінің осы елдердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесі.
– Министрліктер мен елшіліктердің ұйымдасқан жұмысының арқасында қазақстандықтарды аман-есен елге жеткіздік. Менің қолымдағы баланың дүниеге келгеніне небәрі 21 күн болды. Бұл көрер жарығы бар періште – бәріміздің ортақ перзентіміз. Көріп тұрғандарыңыздай, барлығының қуанышында шек жоқ, - дейді Палестинаның Қазақстандағы елшісі Монтасер Абу Зейд.
Әуежайдағы барлық міндетті рәсімдерден өткеннен кейін эвакуацияланған азаматтар арнайы орталыққа жеткізілді. Оларға мұнда қажетті құқықтық, медициналық және өзге де көмек көрсетілуде.
Барлық шараларды аяқтаған соң эвакуацияланған азаматтар Алматы қаласында немесе басқа өңірлердегі тұрғылықты жерлеріне қайтады. Ал қазақстандық дипломаттар қақтығыс аймағында қалып қойған отандастарымызға көмек көрсетуді жалғастырады.
Жансая Олжасбек, Жақсылық Тілекпберген, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда жол қауіпсіздігі күшейтілді