Нұр-Сұлтанда ел пойызға билет таба алмай сандалып жүр

Нұр-Сұлтанда ел пойызға билет таба алмай сандалып жүр
Жолаушылар Тасымалы» АҚ-на қарасты 223 касса, 5 мыңға жуық жеке меншік касса жұмыс істейді екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Пойызға билет табу қиынның қиыны болып тұр. Амалы қалмаған жолаушылар алыс сапарларға автобус, таксимен қатынауға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүйрекбай Қапыранұлы – Ақмола облысы Бұланды ауданына қарасты Никольское ауылының тұрғыны. Елордаға бір апта бұрын келген. Бүгін үйіне қайтайын десе, билет жоқ. Ал автобус немесе таксимен қатынау қиынға соғады дейді қария.  

«Қарағанды-Қостанайдың поездыменен Елтай станциясы, Никольский деген ауылға барайын деп тұрмын. Бір жарым сағат бұрын келдік. Билет жоқ дейді. Жалпы үнемі поезға қай уақытта келсек, билет жоқ, дейді», – дейді не істерін білмей тұрған Бүйрекбай ҚАПЫРАНҰЛЫ.

«Үш сағат бұрын келдім талон алып. Одан екі сағат отырдым. Осымен үш сағат отырдым. Жаңа барсам, билет жоқ дейді. Көкшетауға жүрейін дегенмін. Адамдар көп пе білмейм, орын жоқ дейді. Қазір Көкшетаудан 10 шақты адам жүр сөмкелерін сүйреп, билет ала алмай», – дейді тағы бір тұрғын.

«Билеттер бар, бірақ біз Қарағандыға дейін ғана барамыз. Осы жерден өтетін пойызбен. Ұзақ күту керек», – деді келесі бір.

Билет тапшылығы мәселесі шынымен де бар екен. Түйткілдің барын Жолаушылар тасымалы акционерлік қоғамының өкілдері де растады. Компанияның ресми өкілі Диас Ахметшәріптің сөзінше, бар гәп алыпсатарларда дейді. Белгілі болғаны, кәсіпорынға қарасты 223 касса бар. Бұдан бөлек, 5 мыңға жуық жеке меншік касса жұмыс істейді. Алып сатарлар сол кассалармен бірлесе жұмыс істейтінін айтады. Мәселені шешуге теміржол көлігімен қатынауға енген өзгерістер біраз септігін тигізеді дейді маман.  

«Өзгертулердің ең басты шарасы алып-сатарларға қарсы бағытталып отыр. Ең бірінші бұл топтық сұраныс берген кезде, бұрын бір бланкте барлық қанша топта адам бар, 10-20-30 жолаушы болсын бір бланкте рәсімделетін. Қазір әр жолаушы бөлек-бөлек рәсімделеді. Бұл біріншіден. Екіншіден, электрондық цифрлық қолмен ғана рәсімдеуге болады. Бұрын әр билетке 290 теңге алынатын мына топтық рәсімдеу кезінде. Ал қазір жалпы сомадан 30 пайызы қайтарылмайтын депозит алынады. Сол себепті алып-сатарлар егер топтық билет алатын жағдайда осындай кедергілерге тап болады», – деді «Жолаушылар Тасымалы» АҚ ресми өкілі Диас АХМЕТШӘРІП.

Бүгінде аталған кассалармен күрес жұмыс жүргізіліп жатыр. Десе де делдалдар қызметіне тек заңмен тосқауыл қоюға болады дейді Жолаушылар тасымалы мекемесінің өкілі.

Новости партнеров