Нұр-Сұлтанда ел президенттігіне үміткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан сайлауға түсіп отырған Әміржан Қосановты қолдауға арналған флеш-моб өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараға қатысқандардың басым көпшілігі жастар. Бұдан бөлек, орталық штаб өкілдері мен еріктілер кандидаттың үнпарақтарын және өзге де үгіт-насихат құралдарын таратуды күшейтті. Әсіресе, олар Елорданың адам көп жүретін қоғамдық орындарына бас сұқты. Штаб өкілдері жиналғандарға үміткер Әміржан Қосановтың бағдарламасын жан-жақты түсіндірді.
«Орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де агитациялық үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Осыған орай Астанадағы орталық базардың маңында таратпа қағаздары, жапсырма қағаздары таратылып жатыр. Тағы республикалық маңызы бар 3 қала мен 14 облыс орталығында штабтарымыз ашылды», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Қосановтың сайлауалды штабының баспасөз хатшысы Мерей ЕРМҰХАНОВ.
Штаб өкілдері өз үміткерін қолдаудың түрлі тәсілін қолданып жатыр. Соның бірі - жастар арасында кеңінен тараған флеш-моб акциясы. Шараға қатысқан студенттер өз таңдауларын осылайша білдірді.
Айта кетейік, бұл - еліміздің астанасында өтетін соңғы шара емес. Орталық штаб өкілдері Әміржан Қосановқа қолдау білдіру мақсатында бірнеше шара ұйымдастырамыз деп отыр.
«Барынша барлық сұрақтарға жауап беріп, үгіт-насихат материалдарын тараттық. Бұл әлі алғашқы апта. Сайлауға дейін үш апта уақыт бар. Алда әлі түрлі флеш-мобтар, басқа да акциялар болады», – дейді Ә. Қосановтың қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Аршат ОРАЗ.