Алматыда жас аспаздардың халықаралық байқауы басталды

Алматыда жас аспаздардың халықаралық байқауы басталды
Үздік ас дайындаған азамат әлемдегі ең танымал мейрамханада тәжірибеден өтуге жолдама алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жас аспаздар байқауы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Колледж студенттері мен түлектері түрлі тағам дайындаудан өзара бақ сынайды. Үздік ас дайындаған азамат әлемдегі ең танымал мейрамханада тәжірибеден өтуге жолдама алады. Ал олардың жұмысын отандық және Германиядан келген шеф-аспаздар бағаламақ. Сондай-ақ олар жастарға өз тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік сабақтарын өткізді.  

Қарағанды қаласынан келген шеф-аспаз Анатолий Гоманов – қазылар алқасының мүшесі. Тәжірибелі маман талай жылдан бері италиялық мейрамханада қызмет етіп келеді. Шара аясында өз тәжірибесін жас аспаздармен бөлісті. Ол пармиджано баклажанынан ас дайындаудың әдісін көрсетті.

«Бүгін мен алмұрт пен мүкжидек қосылған үйрек етін пісіремін», – деп түсіндіріп өтті Анатолий аспаз. 

Әлішер Қасымов та фестивальге жас аспаздардың жұмысын бағалауға келген. Ол бұл салада қызметін 18 жасынан бастаған. Айтуынша, мұндай шараның жастарға берері мол. Шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттырғысы келетіндерге таптырмас мүмкіндік.

«Әр жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Әрдайым жетіліп отыру керек. Талай жылдық тәжірибеміз болса да, біздің осындай шараларға қатысып отырғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті өзге мемлекеттерден де шеф-аспаздар келіп отыр», – дейді шеф-аспаз Әлішер ҚАСЫМОВ.

Шеберлік сабағын өткізуге еліміздің түкпір-түкпірінен 30 аспаз шақыртылған екен.  Тәжірибелі мамандар 50-ден астам қатысушының еңбегін бағалайды. Шарт бойынша тағамның дәм-тұзынан басқа, оның сыртқы көрінісі де басты назарда болуы тиіс.

«Байқаудың номинациясына байланысты. Дайындайтын тамақты қазылар алқасы таңдайды. Сол тамақты жасайсыздар. Соған байланысты тағамдар тағайындалады, алынады. Тағамдар өзіміздің құрал-жабдықтарымызбен дайындалады», – деп атап өтті ұйымдастырушы Нұрберген АХМЕТОВ.

Сайысқа қатысушылар команда болып та шеберлігін көрсете алады. Олар балықтан, еттен жасалып, жемістермен безендірілген тағамдарды әзірлеуі тиіс. Ұлттық ас мәзірлерін де жылдам әрі бабына келтіріп дайындауда жеке бағаланады.  

Аспаздар сайысы 1 наурыз күні қорытындыланады. Байқау жеңімпазы шетелдегі танымал мейрамханада тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады. Ұйымдастырушылар фестивальді дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров