Шығынға баттық: Жамбыл облысында пияз еккен шаруалар өнімін қоқысқа тастауға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
450 шаруашылық 138 мың тонна пиязын қайда өткізерін білмей дал
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында пияз еккен шаруалар «шаш етектен шығынға баттық» деп шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Байзақ ауданында негізінен егіншілік жақсы дамыған. Бірақ биыл көкөніс еккен көптің көңілі күпті. Алдымен жаз бойы суармалы су тапшы болды. Оған қоса, амалдап алған өнімдері өтпей, қоймада жатыр. Көктал аулындағы 30 қойманың өзінде 15 мың тонна пияз шіріп кетудің аз-ақ алдында тұр. 

– Диқандар не істерін білмейді. Мен жалғыз емеспін ғой, қанша адам бар. Байзақ ауданындағы шаруалардың түгел пиязы өтпей тұр. 400 тоннадан 200 тоннасын қоқысқа тастадым, – деді диқан Эмран Чауышов.

Былтыр облыста 24 мың гектар жерге пияз егілді. Солайша рекордтық деңгейде 780 мың тонна өнім алынды. Бірақ сол 450 шаруашылық 138 мың тонна пиязын қайда өткізерін білмей дал.

– Ешнәрсені ақтаған жоқ, 200-300 тонна пиязды 30-35 теңгеден саттық. Қалғанын 10-15 теңгенің өзіне алатын адам жоқ. Пайда түгілі, шығынның өзін шығара алмай отырмыз. Несие, қарыз бар. Егуге қорқып қалдық, – деді диқан Нурмамед Зулуфов.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы «негізгі тұтынушы – Ресей, одан әрі тауар Еуропа елдеріне тасымалданатын еді» дейді. Бірақ былтыр солтүстіктегі көршінің өзінде пияз бітік шығып, сұранысы төмендеген. Оған қоса, көлік логистикасынан мәселе туындап, экспорт көлемі  төмендеген. Соған қарамастан, жауаптылар қалған өнімді ішкі нарықта саудалап көрмек.

– Ауыл шаруашылығы министрлігінен тапсырма болды. Ауыл шаруашылығы басқармаларынан әріптестеріміз, басқа әлеуметтік корпорацияларының өкілдері келіп, тауар өндірушілермен және фермерлермен кездесті. Егер пияз жетіспеушілігі болса, кездесу аясында келісімшарт жасалады, – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков.

Ал салалық министрліктің ресми сайтында, былтыр пияз көлемі еліміздегі сұраныстан 3 есе артық жиналғаны туралы ақпар шықты. Жауапты ведомство пияз келісінің бағасы 15 теңгеге түсуін сонымен байланыстырады. Сондай-ақ қазір қоймадағы тауарды Пәкістан мен өзге де елдерге өткізу үшін де жұмыс атқарылып жатқан көрінеді.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Желге ұшқан ақша: жылда жөнделетін жол неге сапасыз

Новости партнеров