Алматы тұрғындары үйінде қандала көбейіп кеткеніне шағымданды. Мамандардың айтуынша, дезинсекция қызметіне аптасына кем дегенде 2-3 өтініш түседі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар тұрғындары қандаланың көшеде ғана емес, үй-жайларда да қаптап кеткенін айтып, дабыл қағуда. Олар зиянкестер пайда болғалы бері тыныш ұйқыдан қалғанын айтады. Қала тұрғыны Людимила Кузнецованың сөзінше, қандала үйінде жаңа жиһазға тапсырыс берген соң пайда болған.
«Бұған дейін қандаланы мүлде көрген емеспін. Бірақ кереует тапсырыс берген соң, соған ілесіп келді ғой деймін. Себебі балаларымның денесі қайта-қайта қызарып кететін болды. Басында аллергия деп ойладық. Кейін дезинсекция қызметін шақырдым. Бірақ онда да құтыла алмадық. Сол кереуетті лақтырған соң кетті», – деді қала тұрғыны Людмила Кузнецова.
Мамандардың айтуынша, зиянкестермен күрес кезінде үй-жайды дезинсекциялық өңдеуге дайындау маңызды. Себебі кей тұрғындар тазалаудан кейін де жәндіктердің жойылмағанына шағымданады. Мұндайды болдырмау үшін тазарту жұмысынан кейін үйді кем дегенде 1-2 күнге босату керек екен.
«Біз барлық жиһазды қозғап, үйдің бұрыш-бұрышына дейін тазалаймыз. Мүмкіндігінше, ескі жиһаздар мен киімдерді тастаған дұрыс. Арнайы құралдармен мұқият тазарту бірнеше сағат бойы жүргізіледі. Қандала, негізі адам қанын сорумен қоректенеді. Әрі ауру тасымалдайды», – деді эпидемиолог Бекболат Өтегенов.
Табиғатта қандаланың 40 мыңға жуық түрі бар. Олардың мыңнан астамы Қазақстанда кездеседі. Ал қалада шамамен 120-ға жуық дезинсекциялық қызмет көрсететін мекеме бар.
Жансая Олжабек, Әмина Үсенова, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы