Атырауда полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы басталды

13.09.2024 00:52

Өндіріс орны 2029 жылы қолданысқа берілмек

Almaty.tv

Атырауда полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Ел экономикасына қан жүгірмек. Өйткені шетелден полиэтиленге сұраныс жоғары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аймақта бой көтеретін алпауыт өндіріске 7,4 млрд доллар инвестиция тартылған. Отандық өнімге шетелдіктерден сұраныс жоғары. Зауыт іске қосылса, өнім Қытай, Оңтүстік Корея мен Ресей сынды мемлекеттерге тасымалданады. Сонымен бірге кәсіпорын тұтыну мөлшерін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отыр.

– Құрылыс жұмыстары біткен сәтте тұтыну мөлшері 400 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. АҚШ технологиясы пайдаланып жатырмыз. Яғни өнім сұранысқа ие болады, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру, түрлету бағытында Үкіметке бірнеше тапсырма берді. Басымдық мұнай-газ-химия өнеркәсібін түрлендіруге бағытталды. Зауыт құрылысы да осы негізде қолға алынып отыр. Арнайы экономикалық аймақтағы өндіріс ошағының жылдық қуаты 1 млн 250 мың тонна болмақ. Сонымен бірге зауыт іске қосылса, жаңа жұмыс орындары да арта түседі.

– Этаннан полиэтиленді аламыз. Бұл – базалық полимерлер. Ал зауыттан шығарылатын полимер түйіршіктері құрылыстан бастап, тамақ өнеркәсібіне дейін кеңінен қолданылатын болады. Оның ішінде қаптамалар мен қорапшалар, паллет пен күнделікті су ішетін пластик бөтелкелер де бар. Құрылысқа келсек, пластик құбырлар жасалады. Ауқымы да өте кең, – деді ЖШС Пиролиз және полимерлеу бойынша техникалық директоры Максим Хисматулин.  

Кешен полиэтиленнің 22 маркасын ұсынады. Оның қай-қайсы да 40 пайыз премиум санатқа жатады. Өнімнің арқасында елдегі кәсіпкерлер көрші мемлекетке қол жаймайды.

Айта кетейік, өндіріс орны 2029 жылы қолданысқа берілмек

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Жерұйық: ауыл тұрғындарына арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды